Сенатор: «1300 ауыл мемлекеттің қолдауынсыз қалады»

Dalanews 16 қаз. 2020 10:57 271

Халқы 200 адамға жетпейтін 1300 ауыл мемлекеттің қолдауынсыз қалады. Тек «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша соңғы үш жылда 10 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Алайда қаражат бөлу кезінде басты назар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, облыс және аудан орталықтарында болды деп сенатор Ольга Булавкина ойын айтты.

Депутат ауылдық жерлерде тұрғын үй салынып жатқан жер учаскелерінің мәселесі де шешілмей тұрғанын айта кетті.

– Қазіргі таңда осы үйлерде тұратын азаматтар аталған жер учаскелеріне және тұрғын үйге меншік құқығына рұқсат ала алмайды. Оның негізгі себебі, жер учаскесінің тағайындау құжаттарында сәйкестіктердің болмауы, – деді Ольга Булавкина.

Сенатор Үкімет басшысына жолдаған сауалында жеке тұрғын үй құрылысына қатысты проблемалардың әлі де бар екенін айтты. Тұрғындарының саны 5 мыңға жетпейтін елді мекендерде жер учаскелері ауыз су және электр желілерімен қамтамасыз етілуі керек. Бірақ кейбір аймақтарда бұған бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Бұл азаматтардың жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуда құқығының бұзылуына алып келеді.

Депутат шекаралас елді мекендерде тұратын 1,5 миллион ауыл тұрғыны үшін ауылдың әлеуетін толықтай ашу проблемасы стратегиялық маңызға ие екеніне сенімді. Осыған байланысты сенатор Ольга Булавкина Премьер-Министр Асқар Маминге мынадай сауал жолдады:

  1. Қажетті материалдық және әлеуметтік ортаны құру, сондай-ақ инвесторлар үшін аймақтардың тартымдылығын арттыру мақсатында шекаралас облыстарды одан әрі дамыту бойынша жағдайға сараптамалық талдау жүргізілді ме?

  2. Салық салуда, грант бөлуде және шекаралас облыстарды одан әрі дамыту үшін мемлекеттік қолдаудың басқа шараларында жеңілдіктер беру мәселелері қарастырылды ма? Бұл шаралар қашан жүзеге асырылады?

  3. Осы аймақтарда жұмыспен қамту және бизнестің жол карталарының тиімсіз болуының себептері қандай? Бұл басқа қоныс аударушылар үшін шекаралас аймақтардың тартымдылығын қамтамасыз ететін басқа әлеуметтік факторларға қалай әсер етеді?

  4. Ауыл тұрғындарына баспана сатып алуға немесе салудың жеңіл шарттары, қолдау көрсетудің қосымша тетіктері бар ма?


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x