"Сапарбаев шық!". Жамбыл облысында ата-аналар айғай-шу шығарды

Dalanews 20 там. 2020 06:13 278

Жамбыл облысында ата-аналар «қашықтан оқуға мүлдем жағдай жоқ» деп шу шығарды. Наразы топ, «әкімдік үлестірген компьютерлердің тым ескі және дұрыс істемейтінін» айтады.




Сондықтан олар, әкімдік алдына жиналып, облыс әкімі «Бердібек Сапарбаевтың өзі шықсын» деп тұрып алды. Жиналғандар мектеп формасы мен оқушылардың тамағына бөлінген қаржыға компьютер алмай-ақ, бала басына таратып берсін дейді. Бұл туралы Dalanews.kz 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеп хабарлайды.

Әкімдік алдына жиылған аналар басқарма үлестірген компьютер мүлдем істемейді деп наразы. Сондықтан билік қашықтан оқытуға арналған компьютердің не жаңасын, не ақшасын берсін деп отыр. Айтуларынша, шенеуніктер оқушылардың мектеп формасы мен тамағына бөлінген қаржыға да компьютер алған.

"21 тамызға дейін мектептегі істемейтін компьютерлерді береді. Хаттама құрылады, ал егер компьютер жұмыс істемей қалса, біз әлгі компьютерлердің ақшасын төлейміз. 180 мың теңге төлеткізбекші. Бізге ондай компьютерлер керегі жоқ. Ал жаңа құрылғылар қазан айында келеді екен. Одан да әр балаға бөлінген ақшаны үлестіріп бере салсын", - дейді Тараз қаласының тұрғыны Ақтолқын Мүсілімова.

Сондай-ақ аналар берілген компьютерлерді не себепті қайтарып беру керек екендігін түсінбейді. Сондықтан олар өзге ешкіммен тілдеспейміз, әкімнің өзі шықсын деп айқайға басты. 


Бірақ Бердібек Сапарбаев жиналған жұрттың шағымын тыңдап, тілдесуге шықпады. Ақыры билік өкілдері наразы топты көндіріп, әкімдіктің ішіне алып кірді. Алайда аналар шенеуніктердің жауабына көңілім толмады деп отыр. Ал әкімдіктегілер аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға 25 мың компьютер үлестіріліп жатыр дейді. Сондай-ақ облыстық және республикалық бюджеттен тағы қосымша 26 мың компьютерге 4 млрд теңге қарастырылыпты.

"Біз мектеп формасы мен ыстық тамаққа кететін ақшаны үнемдеп, осы бағытқа жұмсадық. Енді оқу онлайн болған соң мектеп формасы қажет емес қой. Тамақ бойынша да сол жағдай. Сол себепті кең ауқымды болу үшін бар қаражатты компьютерлерге бағыттап отырмыз", - дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев.

Шенеуніктің сөзінше, компьютерлер мемлекет меншігі, сол себепті ата-аналар оларды қайтаруы тиіс. Ал жаңалары болса мұқтаж отбасыларға келесі айда үлестіріледі екен. Ал тамақ пен мектеп формасына арналған ақша өзге де қажеттіліктерге жаратылып кетпес үшін берілмепті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x