Балаева: "Канцелярия тілінен арылу керек. Халық мембағдарламаның мазмұнын түсінбейді"

Dalanews 19 там. 2020 07:20 275

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Президенттің кадрлық резервімен кездесті деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Балаева осы кездесуде мембағдарламалар мен меморгандар әзірлейтін жобаларға тоқталып, олардың канцелярия тілімен жазылатынын айтты.

Министрдің пікірінше соның кесірінен қарапайым халық белгілі бір бағдарламаның мән-мағынасын жете түсіне бермейді.


"Біздің министрліктің басты мақсаты халыққа ақпарат жеткізу. Ақпаратты халыққа ұғынықты тілде, нақты және тура жеткізу керек. Осы жағына келгенде олқылық көп. Мемаппарат әзірлейтін құжаттардың барлығы шикі. Өйткені алғашқы нұсқасы өңделмеген, кеңсе тілімен жазылған.

Мұндай құжатты халық мүлде түсінбейді, ресми реңктен ауытқымай жазылған құжат елдің миына қонбайды.


Бағдарламаның мақсат-мұратын халық түсінбеді екен, ендеше одан қандай нәтиже күтеміз? Мемлекеттің органдар әзірлейтін жобалар, жолдаулар жұртқа ұғынықты тілде жазылмайынша елге қайыры болмайды, – дейді Балаева.

Министр осы орайда стратегиялық жобаларға қатысты анық-қанық ақпарат беретін арнайы порталдың ашылғанын тілге тиек етті. Алдағы уақытта Youtube-тен мемжобалар жайлы сауалға егжей-тегжейлі жауап беретін арна да ашылмақ.

"Қоғаммен кері байланыс орнату өте маңызды. Ел сөзіне құлақ түріп, қоғамның талап-үдесінен шығу мақсат", – дейді министр Балаева.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x