"Кет, кет!". Жұмысшылармен жүздесуге келген Лукашенко кетіп тынды (видео)

Dalanews 17 там. 2020 12:07 170

Беларусь басшысы Александр Лукашенко Минскідегі ауыр жүк көліктерін шығаратын зауыт жұмысшыларымен жүздесті деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алайда ашулы халықтың алдында жарытып сөйлей алмайды.  Ақыры, "айтарымды айттым. Ал енді "Кет!" деп айғайлаңдар" деген Лукашенко сахнадан кетіп тынды.

Сол-ақ екен әлгіден бері әрең тұрған жұмысшылар дүр етіп көтеріліп, "Кет! Кет!" деген айғайға басты.

Лукашенко бұл кездесуге ұлын ертіп келді. Зауыттың аумағын полицейлер қоршап тастады. Тіркеуден өтпеген журналистерге кездесуге кіруге тыйым салынды.

Сахнаға көтерілген Батьканы жұмысшылар "Кет! Кет, еше кет!" деп қарсы алды. Лукашенконың халықтың қаһарынан қаймығып, беті қайтып қалғаны сезіліп тұрды. Беларусь басшысы өз құзіретін бөлісуге әзір екендігін мәлімдеді.

"Бірақ бұл көшедегі бейбастық немесе қысым арқылы жүргізілмеуі керек. Конститутцияны кім көрінгенге бере салуға болмайды. Соңында сорлап қаламыз" – деді Лукашенко.

Сарапшылар Батьканың сөзін сан-саққа жүгіртуде. Көпшіліктің ойынша президент осы арқылы оппозиция өкілдерімен үстел басында жүздесуге әзір екенін аңғартты.


Беларусьтегі наразылықтың өрістегеніне осымен сегізінші күн. Халық президент сайлауының әділ өткеніне сенбейді. Лукашенко 80 пайыз дауыс жинаған-тын.

Сайлаудан кейін елдегі өндіріс орындарының жүздеген, мыңдаған жұмысшы өре түрегеліп, ереуілге шыққан елге қолдау білдірді. Ұяты бар тілшілер елдегі мемлекеттік арналардан арыз жазып, өз еркімен кетуде.

Лукашенко Беларусьтегі зауыт жұмысшыларының наразылығын биліктің "арқасына қадалған қанжарға" теңеді.

https://www.youtube.com/watch?v=nG4fi75a9ik

https://www.youtube.com/watch?v=HYG060KQzN4

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x