Қанат Қожахмет: «Бір кәсіп тұрмақ, қазір бүтіндей бір индустрия ескіріп жатыр»

Dalanews 25 мау. 2020 13:32 424

Қанат Қожахмет еліміздегі ең жас ректор, ІТ саласының алдыңғы қатарлы маманы, бірқатар стартап жобалардың авторы және жастарды стартапқа баулушы Қанат Қожахмет бүгіндері еліміздегі тұңғыш жекеменшік Онлайн университетті ашуды қолға алуда. Шетелден түрлі ұсыныстар түскеніне қарамастан, білімі мен білігін туған елін көркейтуге бағыттауды жөн санапты. Осы ретте Dalanews.kz ақпарат агенттігі Орталық Азияның Еуразия қоры «Qolda» жобасы аясында білім саласындағы жас маманнан онлайн оқу жүйесінің қатысты сұхбаттасып, ой бөлісудің сәті түсті. Бізге осындай мүмкіндің сыйлаған Орталық Азияның Еуразия қорына ризашылығымызды білдіреміз.   

 

– Қанат мырза, онлайн университет құру идеясы қашан ойыңызға келді? Бұл  қазіргі пандемиядан кейін пайда болған дүние ме, әлде Қазақстандағы жоғары білім беру саласында осындай бір трансформациялық құбылыстар орын алып, оны байқамай жатыр ма?

– Бұл идеяның індетке ешқандай қатысы жоқ. Онлайн университет құру идеясы пандемиядан бұрын пайда болған. Бүгінде біріміз әлемнің жылдам дамып, үлкен өзгеріске ұшырап жатқанын көріп отырмыз. Әсіресе Индустриялық төңкеріс 4, цифрландыру деген заманауи талаптар көптеген мамандықтарды жойып жіберді. Мамандықты жойғанмен, кәсіп иесі жойылған жоқ қой. Қазіргі таңда осы адамдарды басқа кәсіпке бейімдеп, қосымша оқытудың өзектілігі күн тәртібіне шығып отыр. Ал біздің еліміздегі тәлім беретін университеттер 18 бен 25 жас аралығындағы жастарға  арналған. Өмірінің ортасында мамандығы заман көшіне ілісе алмай қалған кісілердің жастармен бірге оқи алмасы белгілі.

Қазіргі таңда әлем бойынша 18 бен 25 жас аралығындағы 600 млн студент бар. Ал 22 мен 60 жас аралығын алып қарасақ, 6 млрд адам қайтадан кәсібін жаңартуға мұқтаж екенін байқаймыз. Көрдіңіз бе, бұл енді сұранысы туындап, көбейіп келе жатқан үлкен нарық. Өкінішке орай, осы сұранысты қанағаттандыру үшін біздің университеттер ешқандай шараны қолға алып жатқан жоқ. Екінші мамандық алғысы келетін адамның жағдайына сай білім алу жолын ұсынбайды.

Біздегі университеттер – өнеркәсіптік индустрия 3.0 төңкерісінің туындысы. Олар индустрияландыруға мамандар даярлады, яғни 5 жыл университетте оқисың, 20 жыл зауытта жұмыс істейсің.

Ал шынай өмір болса, бұдан қатты алшақтап кетті. Қазір өмірдің жылдам өзгеріп жатқаны сонша, белгілі бір стереотипке сүйеніп, өмір сүріп үйреніп қалған кейбір адамдар айналасында не болып жатқанын дұрыс түсіне алмай қиналып жатыр. Бір кәсібіңіз не, қазір бүтін бір индустрияның көзі жойылуда. Цифрландыру бізге де жетті. Енді соның мүмкіндіктерін толық пайдалануымыз керек.

Бұл үшін нарық та өзгеріске түсіп, жаңашылдыққа бейімделуі тиіс. Өкінішке орай, бізде тура осы іске келгенде үлкен мәселе туындайды. Барлық сала цифрландыру мүмкіндігін пайдалануға келгенде үрке қарап, тізгінді тарта береді. Бір жағынан, мамандар жетіспеушілігі де аяққа тұсау болатынын түсінеміз.

Біз осы проблеманы шешуге өз үлесімізді қоссақ дейміз. Онлайн университетте алдымен ІТ саласы маманын даярлауға басымдық беруді жөн көріп отырмыз. Біздің онлайн университет осы мәселені шешу үшін әдейі құрылды.

– Мамандарды қайта даярлау мәселесі бұрыннан бар проблема екенін жақсы білеміз. Дегенмен қазіргі коронавирусқа байланысты оқшаулану жағдайы әлі де ұзаққа созылатын түрі бар. Әлемдегі жұмыссыздықтың саны еселеп артуда. Осы тұрғыдан алғанда, сіздер қолға алған жобаны нағыз бүгінгі күннің сұранысына ие дүние деп айтуға бола ма?

– Жанама әсері бар, оны мойындау керек. Өйткені коронавирус Қазақстандағы білім саласының бүкіл кемшіліктерін ашып берді. Әсіресе цифрландыру мүмкіндіктерін пайдалану тұрғысынан. Кадрдан бастап, техникалық қамту бойынша бұған дайын болмады.

Әрине, бұл аяқастынан болған төтенше жағдай, сондықтан қатты сынаудан аулақпын. Дегенмен ҚР Білім министрлігінен бастап мектеп, жоғары оқу орны басшылары мен мұғалімдер қауымы өздерінің қазіргі заман талабына сай өзгере алмай жатқанын нақты ұғынған секілді... Ал біз осы олқылықтардың орнын толтыруда сұранысты қанағаттандыруға тырысамыз.

Кейбіреулер үшін онлайн деген кедейлерге арналған білім беру жүйесі секілді елестеуі мүмкін. Иә, онлайн университет деген карьерасын орта жолдан тастағысы келмейтін, сол секілді білігін жетілдіруге мүдделі ақшасы аз адамдар үшін мүмкіндік екені анық.

Адамдар неге сырттай оқиды? Өйткені 4 жыл университетке келіп іштей білім алуға жағдайы жоқ. Оқу ақысын тауып, отбасыны асырауы қажет. Оның үстіне, уақыттың ақша ретінде құндылығы арта түсуде. Қазір уақытын үнемдегісі келетіндер қатары күн өткен сайын көбеюде. Ал онлайн универсиетте оқысаңыз қыруар ақша мен көп уақыт жұмсаудың қажеті жоқ. Басқа қалаға барып, пәтер жалдап жатпайсыз.

Әрине, бұл адамдарға ыңғайлы әрі тартымды ұсыныс болады деп есептеймін. Оның үстіне, біздің университетте диплом алуды мақсат еткендер емес, нағыз мамандықты алуды көксегендер оқиды.

Қазір біздің елімізде несиенің пайызы неге жоғары? Себебі банк балансында проблемалық несиелердің көлемі көп, яғни несиені алады, бірақ қайтармайды. Міне, осының өтеуін банктер несиеге өтеу қабілеті бар адамдарға пайыздар түрінде жүктейді. Біздің білім саласында да тура солай. Кейбір адамдарымыз сондай жауапсыз. Оқуға түскенде де оқиын демейді, пара беріп, әйтеуір диплом алып шыққанды жөн санайды. Білім үшін емес, диплом үшін оқитындар көп. Өйткені ертең мемлекеттік қызметке тұру үшін диплом керек, соны қалай болса да алуы тиіс. Ал жұмысшысының еңбегін бағалайтын жекеменшік сектор үшін диплом маңызды емес.

Қазір адамдардың қосымша білім алуы өзекті бола бастады. Мысалы, ағылшын тілін үйренсем, арнайы бағдарламада дизайн жасай алсам, тағысын тағы дегендей. Яғни компания жұмысшысы өзінің қосымша білігін жетілдіру арқылы бәсекеге қабілетті екенін көрсету маңызды екенін түсініп жатыр. Карьералық жоғарылау негізге құрылады емес ме? Мәселен, 32 жасымда мен ректор болдым. Біздегі ректорлық корпустың жас арасы 50 мен 60 жастағылар. 40 жастағылар өте аз. Ал 30-дан 40-қа дейінгілерде екі адамнан, яғни мен және Берік Ахметовтен басқа ешкім жоқ. Оның өзінде мемлекеттік сектордан мен кетіп қалдым.

Негізі, кез келген трансформация көп күш-жігер жұмсауды қажет етеді. Үнемі белсенді болуға тиіссің, пассивті емес. Осыны компания басшылығы да, жұмысшылар да түсініп келеді. Сондықтан жұмыс істесе де нарықта бәсекеге қабілетті маман болуды әрқайсысы ойластыруда. Қосымша білік пен қабілетті арттырса, мансабы өсіп, жалақысы да қомақты бола түседі. Бұл кімге ұнамасын. Ал біз осы қабілет пен білікті ұштауға бағытталған жоғары оқу орнымыз. Біз қысқа мерзім ішінде мамандық иесін дайындап шығарамыз. Яғни біздің онлайн университет біржылдық білім беруге құрылған. Біржылдық білім алу ақысы 860 мың теңге. Бұдан кейін қарапайым IT маманы ретінде бірден жұмысқа тұрады.

Біздің университет жұмыс берушілермен алдын ала келісімшарт жасасып қойған. Даярлаған мамандарымызға қатысты: «Диплом алдың, болды, кете бер» деген бізде жүрдім-бардым қатынас жоқ. Оларға жұмыс тауып береміз. Ал ІТ маманының, ең аз дегенде жалақысы 200 мың теңге болады. Бір жылда 2 млн 400 мың теңге табыс табады. Демек, оқуға шыққан шығынның өтемі бір жылға да жетпей өтеледі. Демек, біз бұл бағаны ақылға қонымды деп санаймыз. Орыс және қазақ тілінде топтар болады, қажет болған жағдайда ағылшынша да сабақтар өтеді.

– Ал білім сапасы мәселесі қалай болады? Өзіңіз қашықтықтан сабақ жүргізген мектеп және ЖОО мұғалімдерінің оқыту тәсілі сын көтермегенін, олардың бұған дайын болмағанын айттыңыз. Осы арасына кеңінен тоқтала кетіңізші...

– Біз онлайн университетке кадрларды іріктеуде тура осы арасына мән береміз. Қазір көптеген білім ордаларындағы ұстаздар теоретиктер, олар онлайн білім беруге жарамайды. Мұндайда теорияны біліп, практиканы игермеген мұғалімдер кері тартады. Теорияны интернет дамыған заманда студенттер өзі де тауып оқи алады. Сондықтан қазір мұғалімдерден практикалық қарым-қабілет талап етіледі. Яғни ендігі мұғалім Ютубтан таба алмайтын білімді бере алатын деңгейде болуы тиіс қой. Бұл мұғалімдер арасындағы бәсекелестікті күшейтеді. Нарықтың талабы деген – осы.

Алдағы уақытта мұғалімдер нарық талабына бейімделіп жұмыс істеуі керек. Қашықтықтан оқытудың бүкіл формуласы осында. Ал үйренбесе оны үйреніп алғандар алдын орап кетеді. Мұғалімге қойылатын заманның талабы – осы. Ютубтан тауып алатын нәрсені оқыту үшін дәрісханаға келудің қажеті жоқ. Мұғалімнің сабақ оқытуға деген қарым-қатынасы осындай болуы тиіс. Студенттер теорияны үйден оқып, өздігінен дайындалады, ал сабақ үстінде тек практика сыналады. Егер қолданыстағы университетте сабаққа келіп, мұғалім тақырып өтіп, одан соң берген үй жұмысына студент дайындалады. Ал онлайнда керісінше. Мұғалім ұсынған сілтемелер арқылы студент сабаққа өзі дайындалып, ізденеді, тек түсінбей қалған жерін сұрау үшін ғана онлайн арқылы мұғалімге шығады. Қашықтықтан оқыту кезінде бұлай болған жоқ. Олар баяғы әдетімен онлайнға шығып, теорияны сыдыртты. Ал интернетте берілген жолақтың әрбір секунды – ақша, сондықтан оны тиімді пайдалануды үйрену керек. Осы жағынан алғанда, тек теорияны игерсем деген болмайды. Мұғалімдерге қойылатын үш талап бар – білім, методика және практикалық қабілет. Міне, осы үшеуін ұштастыра білген мұғалімге нарықта сұраныс жоғары болады.

– Демек, ЖОО-ларды айтпағанда, бізде қаншама мектеп мұғалімі қашықтықтан оқытуға машықтанбаған. Олардың көбісі ІТ дегенді білмейді. Ал қашықтықтан оқыту техникалық білімді де талап етеді емес пе? Бұл ретте олардың қайткені жөн, өзіңіз қандай кеңес берер едіңіз?..

– Мұғалімдер қауымына үлкен сын тағудың қажеті жоқ. Өйткені бұл түбегейлі трансформацияны, концептуальды тұрғыдағы өзгерісті қажет ететін дүние. Мысалы, онлайн оқуға арналған методикалық құралдар да дер кезінде дайын болмады ғой. Ал біздікілер дырду көкпарға бас қойып, орта жолда аттарын ерттеуге мәжбүр болды. Бейнелеп айтқанда, астындағы жылқы ма, есек пе немесе қолындағы ер-тоқымы оған келе ме, келмей ме – бұдан мүлде бейхабар күйде еді. Сондықтан да қашықтықтан оқытудың бұл алғашқы кезеңі педагогикалық құрамға өте ауыр тиді.

Жоқтан бар жасағандарын көрдік, қысылтаяң кезеңге ол жарамды шығар, бірақ алда тұрақты пайдалануға келмейді. Бұл арада мүлде басқа қарым-қабілетке басымдық берілуі тиіс. Оны өздері де сол күйі дұрыс түсінбеген секілді, меніңше. Онлайн сабақ өткізу үшін университеттің өзінде, сол секілді мұғалімнің үйінде арнайы инфрақұрылымы болуы тиіс. Мысалы, екі камера болғаны жақсы, екі монитор қажет, біреуі тақтаны, біреуі ұстазды көрсететіндей. Ватсаппен жұмыс істеу деген мүлде дұрыс емес. Олай оқытқан сабақ сабақ болмайды. Сол секілді офлайнға арналған бағдарлама онлайнда жарамайды. Оны онлайнға бейімдеп жасау керек. Олай ешкім жасамады. Бұл Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінде орын алған олқылықтар.

– Сіздердің университеттеріңізде мұғалімдерді қазіргі заман талабына сай әзірлейтін бір факультет бола ма?

– Пандемия білім саласындағы мамандардың жарамсыз екенін 100 пайыз көрсетіп берді. Көп бөлігі заманауи талапқа сай келмейді. Оларды алмастыратын басқа маман да жоқ. Сондықтан білім ордасы өз кадрларын  білігін арттыратын курстарға арасында жіберуге мәжбүр болады. Осы жағынан алғанда, мүмкін мамандану немесе кәсіби білікті арттыру деген қосымша курстар ашамыз.

Мұғалім не өзінің пәнін дұрыс білмейді немесе ол пәннің қазіргі заманда актуальдылығы жойылған. Бірақ оның педагогикалық білігі өте жоғары дейікші. Сондай мұғалімдер бар. Сол секілді өз пәнін жақсы біледі, бірақ педагогикалық қарым-қабілеті әлсіздері де бар. Міне, соған қарап отырып, мысалы ЖОО-да басшылар өздері мұғалімді курстан өтіп келуге жұмсайды. Сол кезде сенің пәнің қызық болады, оның үстіне жалақыңа ақша қосуды талап етуге құқың болады деп ақыл беріп жатамыз. Сондықтан мұғалімдерге арналған қосымша курстар әрдайым сұранысқа ие деп білемін. Ал егер ол онлайн болып жатса, тіпті жақсы емес пе? Ақшасын үнемдей алады. Мұғалім де аспанға қарап отырмауы тиіс. Ол да жалақысын қайткенде көтеруді ойлауы тиіс. Ол қосымша алған білім мен білігі арқылы келеді.

– Коронавирустан соң  ЖОО саласында түбегейлі өзгеріс болады деп айта аласыз ба?

– Жоқ. Коронавирустан соң мықты ЖОО-лар одан да күшейіп, әлсіздері одан сайын нашарлай түседі. Біз секілді онлайн университеттер қатары жиілеп жатса, онда офлайн білімнің, керісінше ақысы қымбаттайды, олар люкске айналып кетуі мүмкін.

Нашар ЖОО-лар әдеттегі тәсілмен бала оқыта береді. Өйткені оларда сапалы өзгеріске көшу деген ниет те, ұмтылыс та жоқ. Өйткені бұл үлкен қаржы, техникалық және адами ресурсты қажет ететін дүние ғой. Оған бас қатырып қайтеді, егер оқимын деген бала өздігінен табылып тұрса. Ал статистикаға сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда студенттер саны өсіп отырады. Биыл 130 мың студент бар. Демек, ЖОО-ларда контингентке қатысты проблема жоқ. Мысалы, саудагердің тұрақты клиенттері болып, тауары үнемі өтімді болса, ол тауар ассортиментін өзгертуді, оны жақсартуды ойлай бермейді. Біздің жағдайда да тура солай. Оқимын деп келіп тұрған студенттер барда ЖОО-лар өз қызметтерін жетілдіріп, оны жақсарта түсу жағына онша бас қатыра бермейді.

– Онлайн университет жайына толығырақ тоқталып өтіңізші. Оның құрылтайшысы кім, қайда орналасқан дегендей...

– Құрылтайшысы және онлайн университеттің негізін қалаушысы – Ұлттық аударма бюросы. Бұл – толықтай жекеменшік халықаралық жоба. Оған мемлекеттің ешқандай қатысы жоқ. Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген. Бұл жобаны қыркүйек айында іске қосу жоспарда бар. Біз, негізінен, Орталық Азия нарығына қызмет көрсетуге тырысамыз. Мысалы, біз үшін ең тартымды нарық – 30 млн халқы бар, универсиеттері аз Өзбекстан елі. Негізінен, ІТ мамандарды даярлауға басымдық береміз, оқу мерзімі – 1 жыл, яғни 12 ай. Қолына диплом берілген соң жұмысқа да орналастырамыз...

– Онлайн университет бұған дейін болмағанын білеміз. Оның беретін құжаты қандай деңгейде, қаншалықты жарамды?

– Сіз біз үшін өте өзекті мәселенің шетінен дөп бастыңыз. Бұл бағытта бізде қазір белгілі бір мәселелер бар, бірақ оны шешуге барымызды салып жатырмыз. Бұл уақыттың еншісіндегі дүние деп білемін.

Негізі, менің түсінігімде, кез келген университет онлайн және офлайн болуы керек. Тағы болмаса, тек қана онлайн болуы тиіс немесе тек қана офлайн болуы қажет. Ал Қазақстанда университеттер тек қана офлайнда. Ал онлайн деген мүлде жоқ. Бұл мәселе пандемия кезінде өзектілік танытты. Елімізде аяқасты төтенше жағдай жариялануына байланысты мектеп қашықтықтан сабақ оқуға шұғыл көшуге мәжбүр болды. Бірақ біздің ел бұған техникалық, сол секілді құқықтық жағынан да дайын болмай шықты. Мысалы, балалар төртінші тоқсанды қашықтықтан оқыды, бірақ оны заңды деп айта алмаймыз, өйткені оның құқықтық нормативтері бекітілмеген. Қазір Мәжіліс шұғыл осы мәселеге қатысты заң жобасын қарастырып жатыр. Яғни мектеп сабағын онлайн форматта оқу дегенді легализациялауды. Біз сол жобаға қыстырып,  университеттер жайын да қарастыруды ұсынғанбыз. Дегенмен ол арасын заң жобасынан депутаттар ысырып тастаған секілді. Бірақ болашақта олар бәрібір бұл мәселені бөлек қарастыратын болады. Оған қазір үлгермей жатыр...

– Енді Сіздің жеке басыңызға оралайықшы. Сіз бірқатар стартап жобаның авторысыз, сол секілді стартапқа баулып жүрген шәкірттеріңіз де бар. Кезінде шетелден де бір жобаларға шақырту алдыңыз. Бірақ одан бас тартыпсыз, неге?

– Кезінде Германия шақырған, барғым келді негізі ол жаққа, бірақ өзіңіз атап өткен стартап дүниелер мені ұстап қалды. Өзім бастаған, шәкірттерім қолға алған жобалар бар, қалай оларды қиып тастап кетесіз? Әрине, шетелге барсам өзім, отбасым үшін жақсы. Ал мұнда қалсам мыңдаған жасқа пайдам тиеді. Осындай рационалды оймен елден кетпей қалдым.

Қазір мен екі жобаның менторімін: онлайн-БАС, қалааралық автобустардың билетін онлайн сату деген. Астана хабқа өткіздік қазір бұл жобаларды.

Жалпы, стартап жобалармен студенттік кезден, одан соң ҚБТУ-да жұмыс істеп жүргенде айналысып жүрдім. Мысалы, ІТ компанияны ашуға 10 шақты студент тартып, олардың стартап жобалармен айналысуына өзім түрткі болдым. Басшылық жасап, бағыт-бағдар беріп отырдым.

Қазір олардың барлығының жеке ІТ компаниясы бар. Кейбіреуіне мінездеме беріп, Амазон букингке орналасуына түрткі болған кезім болды. Сүлеймен Демирел университетінде ректор болған кезімде студенттердің арасынан потенциалы барларын анықтап, олардың суырылып алға шығуына жағдай жасауға тырыстым.

Мысалы, онлайн-БАС стартап жобасын жасаушы жігіт 22 жаста ғана. Ол қазір капиталы өте қомақты компания құрылтайшысы. Ал онымен екі жыл бұрын ғана технопаркте кездесіп, бір-бірімізбен тығыз араласа бастаған едік. Сол кезде оны қолдап, бағыт-бағдар көрсеттім. Қазір ол білім саласындағы стартап жобаны қолға алып жатыр. Ол 7-сыныпқа арналған оқушыларды химия пәнінен дайындайтын онлайн сынып ашпақшы. Олар әртүрлі тілде өте қызықты материалдар тапқан. Соны қазақ тіліне сауатты түрде аударып, қосымшаға жүктейтін болады. Біздің онлайн университеттің де күйттейтіні осы: яғни адамдардың өз қабілетін ашуға, оны табуға көмектесу, қорықпай өзін өзгертуге дайын адамдарды заманға сай бейімдеу.

Сұхбатыңызға көп рақмет!

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x