Қазақстан Ресейді басып озды - экономист Гуриев

Dalanews 27 мау. 2020 06:20 188

Танымал экономист Сергей Гуриев экономикалық дамуы жағынан Қазақстан Ресейді басып озды деп санайды. Бұл туралы "Гордон" басылымына сілтеп Dalanews.kz хабарлайды.




Гуриевтің айтуынша Ресей экономикасы соңғы бірнеше жыл бойы бір орнында тұралап тұр. 90-шы тоқырау жылдарындағы дағдарыстың ауылы да алыс емес.  

"Ресей экономикасы жылына 1,5-2 пайыздық қарқынмен өседі деген болжамның орындалмайтын түрі бар. Коронавирус Кремльдің жоспарын күл-талқан етті. Дағдарыс Ресей экономикасының еңсесін көтертпейді, керісінше күйзеліске ұшырата түседі", – дейді Гуриев. 


Сарапшының пайымдауынша Ресей реформа жүргізуден біржолата бас тартқан. Әзіргі дағдарыстың себебі сонда. 

"Ресей экономикасының бүгінгі кейпі 70-80-ші жылдағы Кеңес одағының сұрқы кеткен жүйесіне ұқсас. Реформа атымен жоқ. Өсім болады-ау деген үміт мүлдем өшкен. Жағдай шынымен де ұшығып тұр. Ресей күн өткен сайын өркениетті әлемнен қол үзіп, көш соңында сүйретіліп келеді. 

Соңғы жылдары Қазақстан Ресейді қуып жетіп, ол аздай басып озды. Бір кездері посткеңестік кеңістікті ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған дәулетті елдің қазір "қу сүйегі" ғана қалған. Осыдан 20 жыл бұрын Ресейден 40 пайызға қалып келе жатқан Қазақстан Ресейді қуып жетті", – дейді экономист. 

Bloomberg -тің болжауынша Ресейдің жалпы ішкі өнімі биылдыққа 16 пайызға құлдырап, тоқырау жылдарының көрсеткішін қайталайды.  

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x