Тәжікстанда қытай жұмысшылары көтерілді

Dalanews 22 мам. 2020 05:04 297

Тәжікстан ішкі істер министрлігі елдің солтүстігіндегі Зарнисор қалашығындағы «Тәжік-қытай тау-кен компаниясында» жұмысшылар бүлігі арнайы жасақпен басуға мәжбүр болды.

21 мамырда түстен кейін 60-қа жуық қытай жұмысшысы тас пен таяқ алып, компанияның бас кеңсесіне шабуылдаған. Қытай азаматтары жалақының кешігуіне наразы болған деп хабарланды. Дегенмен жұмысшылар елге қайтаруын талап еткен деген болжам бар: олар бірнеше айдан бері коронавирус эпидемиясына байланысты Тәжікстаннан шыға алмай отыр.

Компания өкілдері мен Зарнисор басшылығы мәселені келіссөзбен шешуге тырысқанын, бірақ жұмысшылар оны тыңдамағанын хабарлады.

Ақпарат құралдары таратқан мәліметке қарағанда, ашулы мигранттар компания басқармасы ғимаратының терезелерін шағып, бірнеше автокөлікті сындырған.


Оқиға болған жерге Тәжікстан ішкі істер министрлігінің арнайы жасағы барды. Интернетте тараған видеоларда атылған қару дауысы мен жұмысшылардың айқайы естілді.

«Бүлік шығарған жұмысшыларды тынышталдыру үшін милиция қызметкерлері әуеге оқ атты. Ешкім жараланған жоқ» деді Соғды облысы милициясының бір қызметкері Азаттық радиосына.

Хабарларға қарағанда, бүлік шығарғандар арасында Тәжікстан азаматтары жоқ.

Зарнисор қалашығында жағдай тыныш, деп хабарлады жергілікті билік. Құқыққорғау органдарының қызметкерлері әзірге кәсіпорын аумағынан шықпаған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x