11 мамыр. Тоқаев қандай шектеулер алынып тасталғанын айтты

Dalanews 11 мам. 2020 08:11 263

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысына қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.  

Президент 11 мамырдан бастап қандай шектеулер алынып тасталатынын айтты.

"Бүгін бүкіл еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталды. Алайда, кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр. Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады.

Соған қарамастан көптеген саланың қызметі қалпына келе бастады. Қазірдің өзінде 1 миллион 100 мыңнан астам азамат жұмысқа шықты.


Бүгіннен бастап еліміз бойынша дүкендердің біразы ашылады, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданады. Саябақтар ашылады", – деді президент.

Бұдан бөлек жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келеді. Тоқаевтың атап өткеніндей  бұған дейін 6 қаланың әуежайы ашылған болатын. Енді оған тағы 7 қала қосылады.

"Көптеген шектеулер алынып тасталды. Алайда, күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстанған жөн.

Үкімет жаңа санитарлық ережелерді дайындап, енгізуі қажет. Шағын, орта, ірі компаниялар жаңа ережелерге сәйкес жұмыс істеуі керек.  Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуға тиіс", – деді Мемлекет басшысы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x