Тоқаев: "Шенеуніктің міндеті елге қызмет ету. Әйтпесе несіне жүр?"

Dalanews 05 мам. 2020 06:23 235

«Егемен Қазақстанға» сұхбат берген Тоқаев шенеуніктерге шүйлігіп өтіпті. Бұдан бөлек теңге бағамына қатысты болжамын, үш айға шегерілген несиені қайтару және саяси реформалар туралы сөз қозғаған екен. Dalanews.kz президент сұхбатының осы тұсын назарыңызға ұсынады.

 «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты


Ең алдымен, қоғамның береке-бірлігі бекем болуы керек. Бұған билік пен халық арасында тұрақты диалог орнату арқылы қол жеткізуге болады. Осыған орай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды.

Оның негізгі мақсаты – қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған ауқымды шаралар ұйымдастыру, өзекті мәсе­лелерді талқылап, тиімді ұсыныстар әзір­леу. Бүгінге дейін кеңестің екі отырысы өткізілді. Саяси, экономикалық және әлеу­меттік жаңғыру бағыттары бойынша көп­теген ұсыныс жасалды. Қоғамды алаң­датқан түрлі мәселелер қызу талқыға түсті.

Заман талабына сай саяси реформалар жүргізілуде. Қазір менің бастамаммен Парламентте бірқатар маңызды заң­на­малық өзгерістер талқылануда. «Бей­біт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасы қарас­тырылып жатыр. Бұл еліміздің демократиялық дамуын айқындайтын өте маңызды құжат болатынына күмән жоқ.

Мәжіліс пен мәслихат депутат­тарының сайлауына түсетін саяси партиялар әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота бөлетін болады.

Осыған орай заңға тиісті толықтырулар енгізу қарастырылуда. Сондай-ақ саяси партия­ларды тіркеуді жеңілдету, парламенттік оппозиция институтын қалыптастыру үшін заңнамаға маңызды түзетулер жасалмақ.

Осы өзгерістер саяси үдерістерді одан әрі либерализациялау жолындағы нақты қадам болады деп сенемін.  Жан-жақты саяси реформалар жалғасады. Бұл – біздің стратегиялық таңдауымыз.


Сондай-ақ азаматтардың өтініш-тілектерін жедел қарастыру үшін «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасын ұсындым.

Бұл – өте маңызды әрі қажет бастама. Шенеунік­тер­дің міндеті – ең алдымен, халыққа қыз­мет ету. Олар ел-жұрттың мұң-мұқта­жына құлақ аспағанда кімге құлақ асады?! Осы қағидатты барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің санасына сіңірген жөн. Қазірдің өзінде бұл бағытта оң өзгеріс бар.

 

Теңге бағамы – Үкімет мен Ұлттық банк нендей шара қабылдады?


Басқа елдердің валюталарымен қатар біздің теңгеміздің де құны кеміп кеткені рас. Осыған орай, Үкімет пен Ұлттық банк жағдайды тұрақтандыру үшін нақты шаралар қабылдады. Мен квазимемлекеттік секторға экспорттан түсетін табыстың бір бөлігін ішкі нарықта сатуды тапсырдым.

Сондай-ақ олар шетел валютасындағы депозиттерін еліміздің қаржы жүйесіне қайтаруда. Бұл қа­ражат нақты жобаларға жұмсалады. Осы және басқа да шаралар доллар тап­шы­­лығын болдырмау үшін жасалып отыр.

Әрине, нарықтық экономика жағ­дайында мұндай мәселені реттеу оңайға соқпайды. Оның үстіне, еліміздегі шетел валютасының басым бөлігі шикізатты сатудан түсетіні жасырын емес. Ерте ме, кеш пе, теңге бағамы тұрақтанады.


Бірақ бұған сыртқы факторлар әсер етпей қоймайды. Теңгенің долларға қатысты бағамы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсынымның азды-көптігіне қарай түзелетіні белгілі.

Сондықтан құзырлы органдар валюта нарығына қатысты заңсыз әрекеттердің жолын кесетін болады. Алдағы уақытта Ұлттық банк теңгенің еркін бағамы қағидатын ұстанып, Үкіметпен бірлескен жұмысын жалғастыра береді.

Банктерге тегіннен-тегін қолдау көрсетілмейді


Банк жүйесі – қаржы нарығының аса маңызды бөлігі. Банктердің тұрақты жұмыс істеуіне мемлекет те, бизнес өкіл­дері де, қарапайым салымшылар да мүд­делі. Сондықтан банктерге тегіннен-тегін қолдау көрсетілмейді. Бұл – ұлт­тық экономиканы көтермелеудің бір жолы.

Қазір банктердің үздіксіз қызмет көрсетуіне мүмкіндік бар. Депозиттерге кепілдік беретін қор да тұрақты жұмыс істеуде. Бұл ахуалды Ұлттық банк ба­қылап отыр. Сондықтан салымшы­лардың қара­жа­тына ешқандай қатер төніп тұрған жоқ.


Төтенше жағдай кезінде екінші деңгейдегі банктер әлеуметтік-эконо­ми­калық ахуалдың тұрақтануына өз үлесін қосты деп айта аламыз. Ең алдымен, банктер кәсіпкерлерге және азаматтарға берген несиені қайтару мерзімін кейінге ауыстырды. Нақты айтқанда, несие төлемдері 3 айға шегерілді. Табысынан айырылғандарға мұндай көмек қажет. Бірақ жұртшылық арасында несиені мүлдем қайтармаймыз деген түсінік қалыптаспауы керек. Бұл – жаңсақ пікір.

Сондай-ақ Үкіметтің қатысуымен шағын және орта бизнес өкілдеріне жеңілдетілген несие беру бағдарламасы әзірленді. Егер банктер кәсіпкерлерге, азаматтарға несие беруді тоқтатса, экономиканың көптеген саласы тұралап қалады. Біз бұған жол бермейміз.

Менің тапсырмам бойынша Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін қосымша шаралар қарастыруда.

Ауқымды жиындардың дәуірі келмеске кетті


Дағдарыс жағдайында, көбіне, бюджеттің кірісі мен шығысын реттеу қажеттілігі туындайды. Үкімет дағдарыс кезеңінде бюджетті нақтылаудың ерекше тәртібін бекітті. Коронавируспен күре­су үшін қомақты қаржы бөлінгенін біле­сіздер. Ел азаматтарына қолдау көрсету, экономикалық белсенділікті арттыру шаралары қосымша қаржыны талап етеді.

Ескерте кететін бір жайт, бюджет қар­жысына қымбат көлік пен жиһаз алын­байды. Ауқымды жиындар өткізуге арналған қаражат қысқартылды. Кейбір инвес­тициялық жобалар кейінге қалды­рылды.

Үнемделген қаражат экономи­каның тұрақты дамуын және төтенше жағдай режімін қамтамасыз етуге жұм­салуда. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар жобалар іске асырылып жатыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x