Түркістан облысының ең үлкен байлығы – адами капитал

Dalanews 05 мам. 2020 04:56 373

Түркістан облысы мал шаруашылығы мен егістікті дамытуға қолайлы өңір. Еліміздегі ақ алтын мақта да жалғыз осы Түркістанда өседі. Осы күні өндірістің де саны артып келеді. Оны бұл саланың мамандары да айтып отыр.  Сонымен депуттармен сөйлескенімізде Арыстағы жарылыс, Мақтааралдағы су тасқыны оңтүстік халқының ынтымағын, бірлігі ажырамағынын көрсеткенін айтып жатыр.

 

Әли Бектаев: Түркістанда бір гектар суармалы жердің өзі бір отбасын толық асырайды

Сенатор Әли Бектаев оңтүстікте ұзақ жылдар қызмет атқарғандардың бірі. Қазығұрт ауданында, Түркістан қаласында әкім болды. Облыс басшысының орынбасары қызметін атқарды. Ауыл шаруашылығы саласының маманы. Түркістан облысы туралы пікірін сұрағанымызда біраз ойын айтты.

– Таразыға салынып, қабылданған шешім деп есептеймін. Жалпы, Түркістан қаласын мегаполист ретінде дамыту, Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы ретінде қарастыру Елбасының және халықтың ойында жүрген мәселе еді. Түркістан жеке бөлінеді деген әңгімелер бұрыннан бар болатын. Соның бәрін таразыға сала отырып, осындай шешім қабылданды. Түркістан облысы құрылып, орталығы болып Түркістан қаласы таңдалынып алынды. Бұл өте маңызды әрі тарихи оқиға болды деп есептеймін. Осының арқасында Түркістан шын мәнінде дамып, көркейіп келе жатыр.

Түркістан қала ретінде де, рухани орталық ретінде де алған бағыты дұрыс. Шымкенттен бөлініп шығуының ең бірінші жетістігі осы деп білемін. Біздің халқымыз үшін ғана емес, түркі әлемі үшін де Түркістанның орны бөлек. Алдағы  1-2 жылда адам танымастай болып өзгеретіне біздің еш күмәніміз жоқ.


Көптеген ғимараттар салынып жатыр. Олардың арасында халықаралық әуежай бар. Қаланың инфрақұрылымында өзгеріс көп, табиғи газ тарту басталып кеткен, кәріздендіру жүйесін ретке келтіру, көгалдандыру, көшелерді абаттандыру сияқты жұмыстар атқарылып жатыр. Өмірзақ Шөкеев бастаған азаматтардың еңбегі өте зор, – дейді Әли Бектаев.

Оның айтуынша, бұры ірі кәсіпорындар Шымкент қаласында орналасқан болатын. Ал аудан орталықтарында ірә кәсіпорындар жоқтың қасы еді. Енді Түркістан облысы бөлініп шыққалы бері,Кентауда, аудандарда жаңа өндіріс ошақтары ашыла бастаған.

Мысалы, Төле би ауданында құс фабрикасы іргесі қаланып, жұмыс істеп жатыр. Ордабасы ауданында, Түркістанның өзінде де жаңа кәсіпорындардың ашылып, жұмысты бастап кеткенін байқап жүрміз. Өндіріс - экономиканың негізі. Сондықтан жергілікті атқарушы билік соның ішінде әкімдік өндірісті дамытуға көбірек көңіл бөле бастады., – дейді депутат.

Оның айтуынша, Түркістан облысы мал шаруашылығы мен егістікті дамытуға қолайлы өңір.

– Түркістан облысының ең үлкен байлығы - адами капитал. Халық өте көп, тығыз орналасқан. Ол жерде бір гектар суармалы жердің өзі бір отбасын толық асырайды. Жерді үнемдеп, халыққа бекітіп бере отырып, халықтың алатын пайдасын көбейтуге мүмкіндік бар. Қазір Түркістан облысында 900 мыңға гектарға жуық егістік жер бар (110 мың га мақта, 46 мың га көкөніс, 230 мың га егістік).  Жалпы, ауыл шаруашылығымен айналысамын деген адамға климаттық жағдайы қолайлы.Адами капитал жеткілікті. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы  - Түркістан облысының қазіргі тұрмыс көзі болып есептеледі. Сондай-ақ мынау Созақ, Отырар, Бәйдібек аудандарында мал жайылымдары өте көп.  Жалпы, 4 миллион гектардан астам жайылымдық жер бар, – дейді Сенатор.

Оның айтуынша, халық егіс пен де мал шаруашылығымен де айналысып бейімделген. Енді ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өндеуді қолға алу керек деп отыр.

– Соңғы дәстүр бойынша халық мал бордақылау кәсібіне көшкен. Әсіресе, Сайрам ауданының тұрғындары осыған бейімделген. Ең негізгі мәселе - алынған өнімді қайта өңдеу. Тірі малды бірден экспортқа емес, етті өндеп нарыққа шығарсақ дұрыс болар еді. Сосын көкөністі көбірек егуге мүмкіндік бар. 46 мың гектар жер деген аз, одан әрі көбейтуге болады. Сосын Қазақстанның өңірлеріне, Ресей, Беларусь, Украинаға өткізе аламыз. Елімізде тек мақта Түркістан облысында өндіріледі.  Мақтадан тал­шық, тұқым, талшықтан немесе жіп, сабын мен мақта майы сынды 1200-ден аса әр­түрлі заттар алынады. Өнім Шымкент қаласындағы фабрикаларға жөнелтіледі.Жалпы, Түркістанда қайта өндеуді қолға алып, өндірісті жандандыруға болады, – дейді Әли Әбдікәрімұлы.

 

Түркістан мен Шымкент бір үйдің қос баласындай – депутат

Парламент Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман шет тілдерін жақсы меңгерген білімді әрі тәжірибелі депутат. Оңтүстік өңірінің тумасы. Оның айтуынша, Түркістан облысының құрылуы тек Қазақстанның мүддесі үшін ғана емес, сонымен бірге Орталық Азия аймағының экономикасына да пайдасын тигізеді.

– Бұл қадамның бірінші берері рухани серпіліс, дегенмен, әлеуметтік-экономикалық әсері де көп күттірмесі анық.Шын мәнінде, Қазақстанның оңтүстігінде екі жаңа өсу нүктесі бар.  Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болуы және жаңа Түркістан облысының құрылуы тек Қазақстанның мүддесі үшін ғана емес, сонымен бірге Орталық Азия аймағының экономикасына да пайдасын тигізіп жатыр.  Өте үлкен өндірістік нысандар мен білім беру кешендері Шымкент пен облыста шоғырланған. 1990 жылдары тұңғыш президент Елбасының бастамасымен Түркістанда қазақ-түрік халықаралық университеті құрылған болатын. Көптеген студенттер, оның ішінде шетелдіктер де білім алып жатыр. Ол қазір рейтингте маңызды орынға ие, –дейді Мұхтар Ерман.

Оның айтуынша, облыста оңтүстік Қазақстанның аумағы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жаңа заманауи тас жолы бар, аудандарға кезең-кезеңімен табиғи газ жеткізіліп жатыр. Ауылшаруашылығы және шағын бизнес белсенді дамуда.

–Түркістан облысында әр түрлі қиындықтар болып жатқанын білеміз. Былтырғы Арыстағы жарылыс, биылғы Мақтааралдағы су тасқыны. Осындай кезде Шымкент қаласының басшылары да, тұрғындары да бөлінбей бірігіп қолдау көрсетті. Жалпы, оңтүстік халқының ынтымағы берік, бірлігі жарасқан. Түркістан мен Шымкент бір үйдің қос баласындай. Одан бөлек, облыс орталығында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Алдағы уақытта Түркістанның жаңа келбетіне куә боламыз деп ойлаймын, – дейді депутат.


Ол сонымен қатар, Түркістан ежелден Ұлы Жібек жолының бойында жатқан қала, киелі шаһар. Дегенмен, бұл жаңалық тек осы оймен, сыр­тқы форма үшін жасалды деп ойламаймын деп отыр.

– Оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстанда аса ауқымды жұ­мыстар басталып, ірі-ірі жобалар қолға алынып ж­атыр. Көрші мемлекетпен қатарласып, біздің ше­кара бойында жатқан облыс та одан әрі қарқынды түрде дамуға тиіс. Оған мүмкіндігі, әлеуеті жеткілікті. Осы жағынан алғанда, бұл жаңа­лық біздің еліміз үшін, жаңа атауға ие болған облыс үшін тиімді болады деп ойлаймын. Сондықтан Түркістанның облыс орталығы бол­ға­нына қуаныштымыз, әрі қарай жан-жақты дами беретініне сенеміз, – дейді Мұхтар Ерман.

 

Түркістанда барлығы жаңадан басталып жатыр – Сәкен Қаныбеков

Мәжіліс депутаты Сәкен Қаныбеков 2010-2016 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Өзі осы өңірдің тумасы.

– Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі беріліп, қасиетті қала Түркістан облыс орталығы болғанда қуанышымды жасыра алмағандардың бірімін.Шымкент – біздің үшінші мегаполис. Әрдайым даму көрсеткіші тоқтамаған қала.Енді қала республикалық бюджеттен қаржыландырылып жатыр. Алдағы уақытта бұдан да бетер серпіліс жасау мүмкіндігі бар. Оның бәрі өз нәтижесін береді. Ал Түркістанда барлығы жаңадан басталып жатыр.Біріншіден, аймақтың келбетін өзгерту және инфрақұрылым құру маңызды. Түркістанға жаңа инвестициялар келіп жатыр. Негізі бұдан да көп инвестиция тартуға болады. Жаңа әкімшілік орталық құрлыс жұмыстары жүріп жатқанын білеміз. Сондықтан жаңа жұмыстары көбеюде. Облыста туризм, ауыл шаруашылығын дамытуға тамаша мүмкіндік бар, – дейді Сәкен Қаныбеков.

Ол Түркістан қаласының облыс орталығының мәртебесіне ие болғаны тек оңтүстік өңір үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін де, еліміз үшін де үлкен жетістік деп санайтынын айтты.

– Сарапшылардың, түрлі сала өкілдерінің пікірі бойынша, алдағы уақытта, бұл аймақ қарқынды дамуға көшеді. Яғни, Шымкент қаласының өңтүстігінде, былай айтқанда, бәсекелес пайда болады. Олар адам капиталы үшін де, даму жағынан да бәсеке түсетін болады. Қазіргі кезде Шымкент қала әрі әкімшілік бірлік ретінде өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр десе болады. Сондықтан бұл ретте Түркістанның дамуы әлі алда.Елбасы Түркістан облысын құру туралы жарлыққа қол қойғанда инфрақұрылым жасағаннан кейін, құрылыстар болады. Халық көшеді. Мектептер салынады. Әлеуметтік нысандар көбейеді. Оның бәрі жаңа қуат береді деген. Қазіргі кезде бұл жұмыстар біртіңдеп іске асып келеді, – деп түсіндірді депутат.


Ал Түркістан қаласының өзі де тек оңтүстік аймаққа емес, бүкіл елге де маңызы зор.

– Туризм қарқынды дамиды деп күтілуде, сондай-ақ өнеркәсіп пен өңдеу саласы да қарқын алады. Облыста 2 млнға жуық халық бар. Олар сонда тұрады, жұмыс істейді. Дегенмен, қалаға облыс орталығы мәртебесіне сәйкес болу үшін үлкен жұмыс қажет. Ал ол уақыт пен ақшаны қажет етеді. Ал кадр, адами капитал жағынан бұл аймақ өзін толық қамтамасыз ете алады,– дейді Сәкен Қаныбеков.

 

 

Түркістан облысы өсім үшін жаңа мүмкіндік – Қуаныш Сұлтанов

Парламент Мәжілісінің депутаты, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қуаныш Сұлтанов Түркістан облысының құрылуы – жас буын үшін жаңа мүмкіндіктерді ашып отыр деген пікір білдірді.

– Елбасының көрегендігіне осындайда таңқаласың. Ұзақ ойланып, әбден иі қанып, пісіп-жетілген сәтті қалт жібермей шешім қабылдады. Өйткені көнеден келе жатқан арысы түркі дүниесіне, берісі қазақ хандарына астана болған бұл шаһардың кейінгі ұрпақ үшін, қазіргі еліміздің саяси ұстанымына айналған жаңғырудың іс жүзіндегі кө­рінісі үшін аса маңызы бар. Сөйтіп, 2018 жылы еліміздің өсімі мен дамуы жолында саяси шешім қабылдады. 30 жылға жетпей, елімізде үшінші мегаполис пайда болды. Біз мемлекетіміздің тәуелсіздігін жариялаған тұста миллион тұрғыны бар Алматы қаласы ғана бар еді. Ал қазір Нұр-Сұлтан мен Шымкент қосылды, – дейді Қуаныш Сұлтанов.

Ол Түркістан облысы өсім үшін жаңа мүмкіндік екенін айтты.

– Атап айтқанда, жас буын үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр. Негізгі индустрия – бұл туризм саласы. Сосын ауыл шаруашылығының барлық түрін әсіресе, агробизнесті дамытуға қолайлы. Үкіметтің мәлметіне сүйенетін болсақ, ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерінің саны бойынша Түркістан облысы көшбасшы, – дейді Қуаныш Сұлтанов.

Оның айтуынша, Түркістанның діни орталық, рухани орталық қана емес, бұл - мәдениеті мен экономикасы дамыған үлкен облыстың орталығына айналғаны шын мәнінде қуаныш.

– Бизнестің дамуы, өмір деңгейінің сапасының өсуі тұрғысынан да жақсы түрткі болып жатқанын байқап отырмыз. Сосын бір айта кетерлігі, Түркістан туризмінің әлеуетін әлі түсінбейтін секілдіміз. Бүгінгі таңда бұндай дайын туризм кластерін құру үшін шетелдерде миллиардтаған қаржы салынып жатыр. Ал Түркістан – дайын туризм ордасы. Тіпті, «Жібек жолының» «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тасжолының бойында тұр. Қалыптасқан қатынас жүйесі бар. Сондықтан Түркістанның жеткілікті менеджмент жүйесі мен қолайлы инфрақұрылымын жасау керек. Экономика жақсарса, халық­тың демографиялық өсімі арта­ды, тұрмысы жақсарады. Де­мек, бұл қазақ қоғамы үшін – эко­номикалық, саяси, рухани үш­жақты пайдасы бар шешім, – дейді депутат.

Түркістанның жеке облыс болуы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді – саясаттанушы

Елімізге танымал саясаттанушы Оразғали Селтеев еңсесін тіктеп келе жатқан Түркістан қаласына қатысты ескеруге тиісті мәселелерді айтты.

– Қазақстан картасының оңтүстік бөлігінде тарихи өзгерістер орын алғанын білеміз. Бұл, әрине, объективті себептерге байланысты туындаған стратегиялық дұрыс шешім.

Біріншіден, Оңтүстік Қазақстан облысы халықтың саны мен тығыздығы жөнінен ең ірі аймақ. Оның үстіне алдағы уақытта да солай қала беретінін ескеруіміз керек. Сондықтан Шымкент қаласының бөлініп шыққандығы елдің оңтүстігін басқару тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Екіншіден, Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алуы тиімді. Өйткені республикалық бюджеттен мегаполистті дамытудың жаңа жобаларын қаржыландыруға байланысты ерекше мүмкіндіктер алып отыр. Үшіншіден, Түркістан қаласының облыс орталығы болғаннан бері жағдайы едәуір жақсарып қалды деуге болады.  Сонымен қатар, облыстың жақын аумақтарындағы аудандардың да әлеуметтік-экономикалық жағдайы артып келеді, – дейді Оразғали Селтеев.

Ол осы ретте жылдам өсу әрдайым экологиялық мәселелердің көбеюімен бірге жүреді. Сондықтан жаңа нысандар мен жол салғанда өзгелердің жіберген қателіктерін қайталамау керектігін айтты.

– Еңсесін тіктеп, өсіп келе жатқан қалалардың проблемасы әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым болары сөзсіз. Сондықтан басқалардың қателіктерін қайталамау маңызды. Бұл бірінші кезекте әлеуметтік нысандардың, демалыс орталықтарының және көлік желілерінің балансының болмауына қатысты.  Жылдам өсу әрдайым экологиялық мәселелердің көбеюімен бірге жүреді.

Бұл ретте мегаполист болған Шымкент пен облыс орталығына айналған Түркістан қалалары осы жағын ескеру керек.Мәселен, Шымкент қорғасын зауыты еліміздегі ең зиянды өнеркәсіптер санатына кірді. Ал Шымкент ауасы ластанған қалалардың рейтингінде жоғары орындардың бірінде. Сондықтан енді табиғи жүйелердің тұрақтылығына нұқсан келтірудің алдын алу және қаланың экологиялық әлеуетін қалпына келтіру мәселелеріне мұқият  қарау керек, – дейді саясаттанушы.


Оның айтуынша,  бірінші кезектк өңірдегі жұмыссыздық, білім беру салалаларындағы проблемаларды сосын халықты ауыз субен толық қамтуды қолға алу керек.

– Түркістан облысының өзіне келетін болсақ, стратегиялық шешімді қажет ететін мәселелер бар. Бұл аймақтың 80 пайызы дотацияда отырған аймақ болғандықтан ең төменгі атаулы табысқа ие азаматтардың үлесі көп. Айтпақшы, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың ең жоғары үлесі 46 пайыздан асады. Сонымен қатар, бұл көрсеткіш кем дегенде соңғы бес жылда жақсы жаққа өзгерген жоқ. Бұл проблема білім беру саласындағы кемшіліктер және табысты жұмысқа орналасудың шектеулі мүмкіндіктеріне байланысты.  Сондықтан жастардың көбі Нұр-Сұлтан, Алматы және өзге қалаларға жұмыс іздеп кетеді. Енді бұл мәселе біртіңдеп шешімін табады деп ойлаймын.Ауылдық жерлердің 27 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Осы жағын басшылық ескеру керек, – дейді Оразғали Селтеев.

Айта кетейік, Түркістан  қаласы нағыз қазақы стандартын сақтаған мазмұн, әрі ежелгі түркілік мәдениеттің жаңа замандағы келбетіне сай жаңарып келеді. Облыс көлемінде де атқарылып жатқан жұмыстар көп. Бастысы, халықтың өзі қиын кезеңде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ұйымшылығымен үнемі көзге түсіп келеді. Арыстағы жарылыс, Мақтааралдағы су тасқыны барлығы уақытша қиындықтар екені сөзсіз.

 Еркебұлан БЕК

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x