Талдықорған әуежайы БАƏ-ден елге оралған 128 қазақстандықты қабылдады

Dalanews 11 сәу. 2020 14:03 137

Бүгін Талдықорған əуежайы бортында БАƏ-ден елге оралатын 128 қазақстандық азамат бар ұшақты қабылдайды, – деп хабарлайды Алматы облысы əкімінің баспасөз қызметі.

«Шарджа – Талдықорған» бағытындағы авиақатынасты еліміздің авиакомпанияларының бірі жүзеге асырады. Алматы облысы орталығының əуежайы күшейтілген қауіпсіздік шараларын қабылдауда. Əуе қатынасының қызметкерлері обаға қарсы костюмдермен қамтамасыз етіледі. Жолаушылардың барлығы бортта бірден санитарлық дəрігерлердің тыңғылықты тексеруінен өтіп, олардың дене қызулары тепловизорлармен өлшенеді.

– Келген жолаушылармен неғұрлым аз байланыс жасауды қамтамасыз ететін алгоритм дайындалды. Алматы облысы əкімінің тапсырмасына сəйкес əуежай қызметкерлерінің, санитарлық  дəрігерлердің жəне осы операцияға тартылған басқа да азаматтардың əрекеттерінің əр қадамы хатталып, ерекше бақыланатын болады.


Отанына оралған қазақстандықтар автобустарға отырғызылып, карантинге жатқызылатын орынға жеткізіледі. Олардың бəрі коронавирус инфекциясына анализ тапсырады. Жолаушылардың барлық жүгі мен жеке заттары дезинфекциялау құралдарымен өңделеді. Келген азаматтардың карантиндік режимді сақтауын құқық қорғау органдары бақылайтын болады, – деп түсіндірді облыс əкімінің баспасөз қызметінде.

"Бұлар сол жақта тұрып, жұмыс істеген немесе түрлі жағдайларға байланысты сол жақта қалып қойған біздің азаматтарымыз. Бұл рейстің қонуы мен оны қабылдау  Республикалық штабпен келісілген жəне оны орындау, келген жолаушылар мен облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету - біздің азаматтық парызымыз" – деп қорытындылады ведомствода.

Карантин уақыты біткеннен кейін жолаушылар тұрғылықты жерлеріне жөнелтіледі.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x