Абаев: "Халыққа ақша таратып беру? Популизмнен бас тарттық"

Dalanews 24 нау. 2020 14:37 231

Үкімет көмекке мұқтаж азаматтардың барлығына қол ұшын созады. Бұл жайында «Хабар 24» арнасының тікелей эфирінен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

"Әзір біз республикалық коммуникациялар орталығынан хабар таратып отырмыз. Осынау орталық төтенше жағдай кезінде халықты қажетті ақпаратпен құлақтандыру үшін Президент тапсырмасы бойынша ашылды. 

Орталық 3 бағыт бойынша жұмыс жүргізеді. Атап айтар болсам - жалған, арандату мақсатындағы ақпаратты тауып, оны теріске шығару; төтенше жағдай кезіндегі мем.органдардың ақпараттық жұмысын үйлестіру және Coronavirus2020.kz сайтының жұмысын жүргізу", – деді Абаев.

Министрдің айтуынша Президент Тоқаев тоқталып өткен дағдарысқа қарсы шаралардың ауқымы кең. 

"Президент мәлімдемесі Қазақстан халқының қолдауын тапқаны анық. Өздеріңіз де естіңіздер, Үкімет мұхтаж азаматтардың барлығына қол ұшын созады. Ешкім ұмыт қалмайды. Тоқаев сөзінің түйіні осы. 

Әзір біздің орталыққа БАҚ өкілдері мен қарапайым азаматтардан келіп жатқан сауалдың басым бөлігі Мемлекет басшысының тапсырмалары қалай жүзеге асарына қатысты.


Осыған орай бүгін Үкімет басшысының төрағалығымен жиын өтті. Президент тапсырмасын орындау мақсатында министрлер мен барлық деңгейдегі әкімдер Жол карталарын әзірлейді. Алайда әзір оған уақыт керек. Бұған түсініктікпен қарап, көмектің нақты тетіктерінің жариялануын күтуді сұраймыз", – деді министр. 

Абаев Тоқаев тапсырмасының барлық тармағы орындаларын баса айтты.

"Айталық әзір көпшілік қауымнан "Табысынан айырылған тұрғындарға төлемді қалай алуға болады?", "Бұған қандай құжат қажет?" деген секілді сауал келіп түсуде. Үкімет мұның бәрін үйлестіріп, ел назарына ұсынады. 

Ілгеріде айтқанымдай ешкім қараусыз, көмексіз қалмайды. Төлемдер кімге тиесілі болса, сол азаматтардың барлығы алады. Алу тәртібін алдағы уақытта хабарлаймыз», – деді Дәурен Абаев.

...

Министр "барша Қазақстан тұрғындарына ақша таратып беру керек" деген кейбір қоғам белсенділерінің пікірімен келіспейді.

"Мемлекет дағдарысқа қарсы 10 млрд доллар бөлді. Қазақстандағы халық санына шаққанда бұл қомақты қаражат.

Ал кейбір азаматтардың халыққа бір реттік төлем төлеу сынды ұсынысынан бас тарттық. Мұның бәрі популизм. Әлбетте мұндай идея ел арасына тез тарап кетеді. Бірақ оның тиімділігі қысқа мерзімді екенін ешкім қаперіне алмайды.

Қысқа мерзімді болғасын нәтижесі де нөлге тең. Тоқаев тапсырмасын сай елімізде іскерлік белсенділікке түрткі болатын шара қабылдау қажет. Мұндай жағдайда бизнесті нығайту, жұмыс орындарын құруға басымдық беру маңызды.

Дәл қазір біздің мақсат - елдегі дүкендер сөресінде қазақстандық өнімнің үлесін арттыру", – деді Абаев.

 Оның пікірінше Қазақстан бұл дағдарыстан сабақ алып, мұнайға тәуелділіктен арылуға күш салуы керек. Оның бірден-бір жолы шағын және орта бизнеске қолдау көрсету. 


"Бұған дәлел бизнесті несиелеу 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды. Соңғы мөлшерлеме 6 пайыз болады. "Қарапайым хаттар экономикасы" бағдарламасында басымдыққа ие тауарлар тізімі кеңейтіледі.

Микро және шағын бизнес үшін кредит мөлшері 360 млн теңгеге дейін артады. Салық жеңілдігі жасалады. Тексеру азаяды.

Импортты өз өнімдерімізбен алмастыру үшін әзіргі күні 1 трлн теңге сомаға 258 жоба іріктелініп алынды. Осының нәтижесінде 25 мың жұмыс орны құрылады», - деді ол.

...

Тікелей эфир барысында министр алдағы күндері Алматыға коронавирусты анықтайтын тесттер жеткізілетінін айтты.

"27 наурызда Алматы қаласына 266 мың тест алып келеді. Олар ең алдымен дәрігерлер қолына тиеді. Бұлардың барлығы тегін тестілер», - деді Абаев.

Оның атап өтуінше, осы уақытқа дейін елімізде коронавирус инфекциясын анықтауға арналған 15 мыңнан астам тест жасалған. Әзіргі таңда тәулігіне мыңнан астам тест жасалуда. Осы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.

"Кеше бас санитарлық дәрігердің қаулысы шықты. Оған сәйкес барлық қалаға келушілердің түгеліне тест жүргізілетін болады", - деді министр.

https://youtu.be/N_pMrV2WfYE

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x