Тайжан: "Бұл түрімізбен алтын валюта қорымыздың бір бөлігінен айырыламыз"

Dalanews 10 нау. 2020 09:31 211

Саясаткер Мұхтар Тайжан девальвацияланған ұлттық валютаны интервенция жасап "құтқарғысы" келетін Ұлттық банкті сынады деп хабарлайды Dalanews.kz.




Оның айтуынша бұл асығыс әрі сауатсыз шешім. Соның салдарынан Қазақстан алтын валюта қорының бір бөлігінен айырылып тынады.

"Теңге бағамын белгілі бір дәлізде тек интервенция жасап мәңгі бақи ұстап тұра алмаймыз. Мұны соңы күйреуге әкеледі. Оның үстіне ертең Ресейде рубль құлдыраса, біздің өндірушілер тағы банкротқа ұшырайды, теңге тым қымбат болуы себепті ресейлік өндірушілер оларды тықсырып шығады. Біз мұны 2015 жылы бастан өткердік", – дейді Тайжан.

Саясаткердің пікірінше еркін айналымда интервенция болмауы керек.

"2015 жылы Ұлттық банкті мұндай қадамға баруға кейбір "тәуелсіз" сарапшылардың ақыл-кеңесі итермеледі. Қып-қызыл шығынға баттық", – дейді Тайжан.

Айта кетелік 2015 жылдың 20 тамызында теңгені еркін айналымға жібергенге дейін Ұлттық банк теңге бағамын ұстап тұру үшін соған дейінгі 1 жыл 8 айдың ішінде Ұлттық қордан 28 млрд АҚШ долларын жұмсап жіберген.

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша сол уақыттағы теңге-доллар бағамымен есептейтін болсақ бұл 5 трлн 180 млрд теңге. 


Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкке валюта саясатын қайта қарап, халықтың бас банкке деген сенімін қалпына келтіру керектігін тапсырған еді.

Редакциядан: Валюталық интервенция деп ұлттық валюта бағамына әсер ету мақсатында Ұлттық Банктің шетел валютасын сату және сатып алу жолымен валюталық нарықтағы операцияларға араласуын айтады.

...

Ұлттық банк бұдан бөлек базалық мөлшерлемені 9,5%-дан 12%-ға дейін өсірді. Бұл - Бас қаржы институтының коммерциялық банктерге беретін кредитінің ставкасы.

"Сыртқы сектор тарапынан өскен тәуекелдер аясында баға тұрақтылығын қолдауды қамтамасыз ету, сондай-ақ теңгенің айырбас бағамын қорғау қажет. Сондықтан Ұлттық Банк өз мандаты шеңберінде кезектен тыс отырыста биылғы 10 наурыздан бастап базалық мөлшерлемені және пайыздық дәлізді +/- 1,5 п. т. жылдық 12%-ға дейін арттыру туралы шешім қабылдады", — деді бұл орайда Ұлттық банк төрағасы Е. Досаев.

Оның айтуынша базалық мөлшерлемені арттыру макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты сақтауға жағдай жасайды және сыртқы сектордың ішкі бағаларға және долларландыруға теріс әсерінің алдын алады.

- Банктер солай мемлекеттен қарыз алып, оған тағы процент қосып, халыққа береді. Өздері қымбатқа алғасын, елге ұсынатын заимдарының ставкасын да өсіреді деген сөз. Кредиттің мөлшерлемесі онсыз да көп Қазақстан үшін (халқы үшін) бұл жеңіл тимейді. "

Бұдан несие алушылардың саны азаяды, валюта нарығы реттеледі, теңгенің құнын сәл де болса ұстап тұрамыз", - дегені - далбаса! Банктерге несие сұрап келген киімі жұпыны кемпір-шалдың легі азая қоймас. Тұрғындардың наразылығы одан сайын өрши түсіп, соңғы кездегі әлеуметтік-қоғамдық теңсіздіктің жалғасына айналады. Сосын, арандатушы деген екі-үш адамды шұқып тұрып көрсетеді, - деген пікірін желіде Жалғас Зейнолла жазады.

...

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Ұлттық Банк теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы режимін ұстанатынын растайды. Соған қарамастан, өзгерістер орын алғанда қаржы жүйесінің түрақтылығын қамтамасыз ету үшін валюталық интервенциялардың жүргізілуін жоққа шығармайды.

"Ұлттық Банк әлемдік экономикадағы және халықаралық нарықтағы жағдайдың дамуын мұқият бақылауда және қажет болған жағдайда Қазақстанның қаржы нарығында тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдауға дайын", — деді Е. Досаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x