Адамдарды көлікпен қаққан ағайынды екі жігітке қатысты сот үкімі шықты

Dalanews 19 ақп. 2020 04:05 178

Алматы соты қаланың қақ ортасында қос бірдей көлікпен ойран салып, адамдарды таптаған ағайынды жігіттерге үкім шығарды, – деп хабарлайды КТК арнасы. Үш бірдей адамды қасқана қаққан Дінмұхаммед Әлекеев 11 жылға бас бостандығынан айрылса, оның ағасы Жандос алдағы 4 жылын темір торда өткізуі тиіс. Ағалы-інілі азаматтарға «бұзақылық» және «кісі өлтіруге оқталу» баптары бойынша айып тағылған.

Ал сот залында айғайға басқан айыпталушының туыстары үкіммен келіспеді. Олар жап-жас жігіттерге судья «тым ауыр жаза кесті» деп есептейді.

Оларды қолдауға соңғы процесске туыстары мен достары түгел келген. Судья бірден үкімді оқуға кірісті.

– Әлекеев Дінмұхаммедті айыпты деп танылып, 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылсын, жазасын қылмыстық атқару жүйесі мекемесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтесін. Жандос Әлекеев айыпты деп танылып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылсын, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтесін, – деді судья Еркін Майшинов.

Сот барысында қара көлікті тізгіндеген 20 жастағы Дінмұхаммедтің адам өлтіруге оқталғаны дәлелденсе, ақ көліктің рөлінде болған 24 жастағы Жандос «бұзақылық» бабымен түрмеге тоғытылды.

Үкімді естіген Әлекеевтің туыстары жылап-сықтап, айғайға басты. Ауыр жаза арқалаған жігіттер де өзін ұстай алмай, эмоцияға ерік берді. Естеріңізге салсақ, әлеуметтік желіні шулатқан жаппай төбелес жарты жыл бұрын болған.

Алматының қақ ортасында көліктерімен ойран салған ағалы-інілі Әлекеевтер үш адамды қасақана тапап кеткен. Көлік астында қалғандардың екеуі басынан жараланса, біреуінің аяқ-қолы сынған. Бірақ жанжалдан жапа шеккен жігіттер кешірім беріпті. Сондықтан сотталушылардың адвокаты «судья кескен жаза тым ауыр» деп есептейді.

– Әлекеев Дінмұхамедтің іс-әрекетінде 99-баптың қылмыс құрамы жоқ. Прокурор оның іс-әрекетін дұрыс сараламаған. Әлекеев Жандос Көпбосынұлының бұзақылық бойынша ешқандай қылмыс құрамы жоқ. Біздің ойымызша, ол да заңсыз. Сот үкімі тым қатал, – деп адвокат Қайрат Шоқанов ойын ортаға салды.

Екі топ арасындағы төбелес күні ағалы-інілі Әлекеевтер Әлихан есімді бауырының туған күнін тойлапты. Тойдың соың төбелеске ұласқан жігіт кикілжіңде туыстарының арам пиғылы болмағанын жеткізді.

– Жандостың кішкентай баласы бар. Дінмұхаммед жиырма жасқа енді толды. Отбасының асыраушылары. Тергеу жұмыстарына көңіліміз толмайды. Адвокатымыздың дәлелдерін судья ескермеді, – дейді сотталушының туысы Әлихан Нарбеков.

Осыған дейін прокурор ағайындыларға 15 жыл жаза кесуді сұраған. Ал айыпталушылар өткен іске өкініп, қылмысқа қасақана бармағанын айтқан еді. Бәрінен бұрын екі бірдей ұлының абақтыға аттанғаны анасының жанына қатты батты. Сот залынан есеңгіреп шыққан ол алдағы уақытта апелляцияға жүгініп, балаларының жазасын жеңілдетуге тырыспақшы.

Сымбат Ғалымбекұлы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x