Мектеп директоры әкіреңдеген тексеру комиссиясына қарсы шықты

Dalanews 17 ақп. 2020 04:25 170

Ақтөбеде мектеп директоры тексеру комиссиясының қызметкерлеріне шағымданды. Нөмірі 60-шы орта мектепті тексеруге келгендер әдепсіздік танытты деп айыптайды. Кабинетте болған жағдайды таспаға жазып алып, әлеуметтік желіге жүктепті, деп хабарлайды Dalanews.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.

Бейнежазбадағы бұл адамдар мектепті тексеруге келген мемлекеттік қызметкер. Олар 8 қаңтар күні басталған тексеру жұмыстарының сәуір айына дейін созылатындығын ескертуге келген. Бірақ мектеп директоры тексерушілер Заңға сай негіздеме бермегенін айтады. Онымен қоймай мемлекеттік қызметкерге жат қылықтар танытты деп отыр.

Абзал Тәжімішов, Ақтөбе қаласындағы №60 орта мектептің директоры:

Қызметкерлер жеке куәлігін лақтырды маған үстелдің үстіне. Маған сөйлегенде "сен" деп сөйлейді. Мен ол адамды түзеттім. Мен Абзал Амантаевичпін деп. Ескертіп айттым. Мысқылдап өзінің тексеруші екендігін пайдаланып, «Абзал Амантаевич шығарсың» дейді. Бұл жерде сұрақ туындайды. Әкемнің кім екендігіне күмән келтіріп тұр ма? Мен солай түсіндім.

Бүгінде облыстық комиссиясы қаладағы барлық үш ауысымды мектептерде тексеруді бастаған. Сол шара аясында бұл мектепте тексеріс өткен жылы желтоқсанда басталып, ақпан айына дейін аяқталуы тиіс болған. Бірақ осы күнге дейін тексерудің жалғасуының себебін комиссия былай деп түсіндірді.

Серік Орынбаев, Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының КММ мүшесі:

Аудит тапсырмасы бойынша белгіленген адамдар қызметтік жазба жазады. Кіре алмай жүрміз тексерісті әрі қарай созуға сұраймыз деп сондықтан біз ұзартамыз. Ал негізі бізде заңда барлық мерзім көрсетілмеген. Қай уақытта қанша тексеру деген оны біз өзіміз зерделеп анықтаймыз. Мысалы бұл мектеп құрылғалы тексерілмеген. Миллиардтаған ақша. Бұған 15-20 күн жетпейді.

Бұл даудан Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік өкілдері де хабардар екен. Тексеруге келген мемлекеттік қызметкерлердің іс-әрекетіне қатысты қызметтік тексеріс басталғанын жеткізді.


Мейрамгүл Бейбітова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары:

Біз осы бүгін анықтадық. Тексеру комиссиясының әдепсіз іс-әрекеттеріне байланысты материалды өздерінің жұмыс берушісіне мемлекеттік органға қызметтік тергеп тексеру үшін жолдадық. Оның нәтижесі қызметтік тексеруден кейін анықталады. Сосын баға берілетін болады.

Бақыт Рахметова, тілші:

Бұл жағдай бойынша да тексерушілердің кінәсі дәлелденсе тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Орайы келгенде айта кетейін, жалпы Ақтөбе облысында өткен жылы 733 мемлекеттік қызметкерге қатысты тәртіптік шара қолданылған.

https://youtu.be/z4eL4sjM8Ro

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x