Оқушыны зорлаған қаскөй 25 жылға сотталды

Dalanews 24 қаң. 2020 10:17 236

Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мектеп дәретханасында оқушы қызды зорлау қылмысына қатысты 10 күндік сот отырысы аяқталды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске сала кетсек, 2019 жылы 15 қараша күні Тараз қаласының «102» пультіне жедел жәрдем қызметінен жасөспірім қыздың зорланғаны туралы хабар түседі.

Сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК 120-бабының 4-бөлігі және 121-бабының 4-бөлігі бойынша жүргізілді. Көп ұзамай ауыр қылмыс жасады деген күдікпен ер адам ұсталған болатын.

Қылмыс мектептің далада орналасқан дәретханасында жасалған. Күдіктіні ұстауға мектеп аумағындағы камералар көмектескен. Сот зардап шегушінің жас ерекшелігін ескере отырып жабық режімде өтті.


Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Сотталушы – 38 жастағы Тараз тұрғыны, үйленбеген, бұған дейін осы тектес қылмыс жасағаны үшін сотты болған.

Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы, 4-бөлігі «Кәмелетке толмағанға қатысты сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық» және 120-бабы, 4-бөлігі «Кәмелетке толмағанға қатысты зорлау» бойынша кінәлі деп танылды.

Сот жазаларды біріктіре отырып, 25 жылға бас бостандығынан айыру және химиялық кастрация жасау туралы үкім шығарды.


Сонымен қатар, сотталушы жәбірленуші тарапқа 5 миллион теңге көлемінде моральдық шығынды төлеуге міндеттелді.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен Жамбыл облысының полиция басқармасы мектептердегі оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі кемшіліктерді анықтау үшін жұмыс тобын құрды. Құқық қорғау және білім беру бөлімдерінің бірқатар қызметкерлері жазаға тартылды.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x