"Алматыметроқұрылыс" басшысы Тоқаевтан араша сұрады

Dalanews 04 желт. 2019 05:18 199

Кепіл ақшамен қамаудан босай салып, баспасөз мәслихатын өткізген Рейімов тағылған айыппен "келіспеймін" деп отыр.

Екі айға қамауға алынған "Алматыметроқұрылыс" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Рейімов тергеу кезінде тар қапаста отырмас үшін 25 миллион теңгеге бағаланатын жылжымайтын мүлкін кепілге қойып, босап шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
- Соттың шешімі 25 миллион теңге көлемінде кепілдікпен қамауға алуға рұқсат берген. Процедуралық сұрақ бар. Қорғаушы тарап жылжымайтын мүлік туралы құжатты ұсынып, ол бағаланып, кейін кепілдікпен босатылды.

Десе де танымал бизнесменді қайтадан қамауға алуы ғажап емес. Өйткені бүгін Алматы қалалық прокуратурасы Қайрат Реймовті кепілмен босату туралы шешімнің күшін жоюды сұрап сотқа арыз түсірген. Ал "Алматыметроқұрылыс" компаниясының басшысы өзіне тапсырыспен қысым жасалып жатқанын ашық айтты. Қамаудан босай салып, баспасөз мәслихатын өткізген Рейімов тағылған айыппен "келіспеймін" деп отыр.

Ол өзін сотқа сүйреген Дінмұхаммед Ыдырысов "Алматыметроқұрылыстың" 39 пайыз акциясын 1,7 миллиард теңгеге сатып алғанын айтты. Одан кейін қосымша қаржылық қолдау ретінде тағы 1,5 миллиард теңге құйған.
"Енді Ыдырысовқа сол қарыздың қайтқаны емес, "Алматыметроқұрылыстың" 80 пайыз акциясы керек", - дейді Рейімов.

Қазір компанияның барлық акцияларына бұғат салынған. Алдағы уақытта есеп-шоты жабылса, жұмысшылар – жалақысыз, Достық пен Сарыарқа станциялары аяқсыз қалуы мүмкін. Сондықтан басына қара бұлт үйірілген Қайрат Рейімов президенттен араша сұрады.

Қайрат Рейімов, "Алматыметроқұрылыс" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы:

- Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевқа үндеуім: осы болып жатқан заңсыздықты тоқтатса. ҚР ІІМ Тұрғымбаев мырза, осы істі объективті қарап, тапсырма берсе. Азаматтық іс болғаннан кейін, екі бизнесменнің арасында болып жатқасын істі азаматтық сотқа жіберіп, аталмыш істі тоқтатуын сұраймын.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x