Бейсен Тәжібаев: "Солтүстікке көшкісі келетіндерге барынша қолдау көрсетеміз"

Dalanews 16 қыр. 2019 04:36 377

 «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев оңтүстік тұрғындарын теріскейге көшіру бағдарламасын белсенді насихаттау қажет дейді.

Оның айтуынша Түркістан өңірінде халқы тығыз орналасқан ауылдар жұмыс тапшы, соның салдарынан туындайтын әлеуметтік мәселелер де көбеюде. Өңірлік партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары осы орайда Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылын мысалға келтірген екен.

"Еліміздегі xалқы ең тығыз орналасқан ауыл - Қарабұлақ. Алақандай аумақта 60 мыңнан астам тұрғын тіршілік кешіп жатыр.

Ал Солтүстік Қазақстан облысы М.Жұмабаев ауданында 16 мың адам тұрады. Бейнелеп айтқанда 4 ауданның xалқы Сайрам ауданындағы 1 ауылда ғана өмір сүруде.


Партия филиалы насиxаттауға көшкен "Еңбек" бағдарламасын түсіндіру үшін өзбек ағайындар топтасқан осы Қарабұлақ ауылына арнайы бардық. Бұл жоба басталған төрт жылда облысымыздан солтүстікке 881 отбасы-3377 адам көшіпті. Алайда араларында қарабұлақтық ешкім жоқ.

Мұнда бір шаңырақта сығылысып 3-4 отбасы орналасқан.

Ауылда соңғы жылдары тұрмыстық қылмыс пен дау көбейген. Жұмыс болса да тапшы. Мал, жер шаруашылығымен күнелтуде. Оның өзіне барлығына игеретін жер жетпейді. Осылай қиналғанша солтүстікке неге көшпеске?!



Негізінен қарабұлақтың тұрғындары қарсы емес, тек бағдарламаны түсіндіру жағы кемшін. Енді ауылда тұрақты түрде кеңес беру жүргізіледі. Ал бірден іске кіріскен облыс депутаты Ж.Ағабеков 20 қыркүйек күні тұрғындарға көшетін өңірлерді көріп аралап қайту үшін бір автобус шығаратын болды. Жолақы тегін.

Жер мен мал шаруашылығына епті елдің бос жатқан өңірлерді игеруі қажет-ақ. Ол жақтағы жұмыс күшінің тапшылығы да жоғары болып тұр. Ассамблеяны қатарымызға тартып, барлық этнос өкілдерін "Еңбек" бағдарламасына қатыстыруды көздеудеміз. Бұл бастама тұрғындары тығыз қоныстанған Түркістан аймағы үшін өте тиімді болары анық", – дейді Бейсен Тәжібаев.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x