Қыздар университеті Арыс тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетті

Dalanews 26 мау. 2019 12:12 214

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы Арыста болған жарылыстан зардап шеккендерге арнайы гуманитарлық көмек жеткізді. Бұл туралы университеттің ресми өкілі – баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан хабарлайды.

Оның ақпаратына сүйенер болсақ, құрамында оқу орнының проректоры, факультет декандары мен Медиа департаментінің қызметкерлері бар топ Шымкент қаласында арыстық азаматтарға арналып ашылған 10-ға жуық эвакуациялық бекеттерге арнайы барып, тұрғындарға университет ұжымының қолдауымен алынған киім-кешек, азық-түлік және күнделікті қажетті тұрмыстық заттарды табыстады.



Сонымен қатар аталған орындарда Қыздар университетінің Педагогика және психология факультетінің аға оқытушысы Тилла Сақтағанова жарылыстан зардап шеккендерге психологиялық тұрғыдан кеңес беруде.

«Арыста болған оқыс оқиғаға байланысты зардап шеккендерге көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз!» акциясы басталған болатын. Игілікті шара барысында министрлік қызметкерлері мен отандық жоғары оқу орындарының ұжымы азаматтық танытып, мүмкіндігінше көмек көрсетуде.



Азаматтық қоғамның белсенділігін, жанашырлығын айғақтайтын осынау қайырымы мол істен шет қалмау мақсатында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қызметкерлері де бір күндік жалақысын апаттан зардап шеккен ағайынға аударуды жөн деп тапты. Жиналған қаражатқа азаматтарға қажетті деген тұрмыстық заттар, киім-кешектер мен азық-түлік алынып, ол бекеттерге орналасқан тұрғындарға толықтай таратылды,» – дейді Қыздар университетінің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Жаңагүл Сұлтанова.

Сапар аясында оқу орнының басшылығы Арыс қаласында тұратын университет студенттерімен де кездесіп, жағдайларымен жете танысты. Олардың бүгінгі ахуалын білді.


Еске сала кетсек, Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз» акциясы өтіп жатыр. Акция аясында мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар және өзге де азаматтар үлес қосып, материалдық және қаржылай көмектесуде.



 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x