"Көлігіне снаряд түскен". Арыстағы апаттан бір адам қаза тапты

Dalanews 24 мау. 2019 14:12 310

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыстағы апат кезінде бір адамның қаза тапқанын айтты.

"Бірінші кезекте қаза тапқан азаматтың ағайын-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Ал жарақат алған тұрғындар дәрігерлердің жіті бақылауында", - деді ол.


Министр қоймада қандай да бір радиоактивті оқ-дәрі, радиоактивті снарядтың сақталмағанын атап өтті. Оңтүстік өңірге ешқандай радиация қаупі төніп тұрған жоқ.

Өз кезегінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қаза тапқан адамның автокөлігіне снаряд түскенін айтты. Әзіргі уақытта 31 адам медициналық мекемеге жеткізілген.


"Оның екеуі ауыр халде жатыр, қалғаны орташа және жеңіл жарақат алған. Арыс қаласындағы жарылыстан өңірге радиациялық қауіп жоқ. Бөген суқоймасы тұрақты бақылауға алынғандықтан, су басу қатері бар деген ақпарат та қауесет екенін мәлімдейміз", - деді өңір басшысы.

Қазіргі таңда Арыс қаласындағы тәртіпті қадағалау үшін 345 полиция қызметкері жұмыс істесе, қосымша Ұлттық гвардияның 500 сарбазы көмекке келген. 

Тұрғындардың негізгі бөлігі қаланы өз аяғымен тастап шыққан. Соңғы сағатта 1616 адам елдімекеннен көшірілді. 

Ордабасы ауданы, Төреарық ауылындағы Тәукехан мектебінде эвакуацияда отбасынан көз жазып қалған балалар жиналуда. Олардың фотосуреттері Түркістан облысының ресми парақшасында жарияланады.

Еске сала кетелік, бүгін таңертең сағат 9.30 кезінде Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында өрт шығып, қоймадағы оқ-дәрі жарылды. Қорғаныс министрлігі оқиғаның мән-жайы мен себебін анықтауда.

https://www.facebook.com/tvkhabar24/videos/369005353820215/

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x