ҚазҰУ әлемнің үздік 210 университетінің қатарына енді

Dalanews 20 мау. 2019 09:59 159

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орталық Азия ЖОО-ларынан жалғыз болып QS «World University Rankings» халықаралық рейтингісінде ең үздік университеттер арасында 210 орынға ие болды.

Алға 13 қадам жылжып, 207 орынды бағындырды. Бұл топқа посткеңестік аймақтан тек екі университет: ҚазҰУ және Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (РФ) енді. 

QS әлемдегі үздік білім ордаларына көп жылдан бері ғаламдық рейтинг жүргізіп келе жатқан беделді әрі ықпалды, барлық елде мойындалған халықаралық агенттік. Рейтингіде алғашқы үш орынды АҚШ университеттері: Массачусетс технологиялық институты, Стэнфорд және Гарвард университеттері иеленген.

ҚазҰУ еліміздің жетекші университеті ретінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбев алға қойған әлемнің ең үздік 200 университетінің санатына ену бойынша маңызды мемлекеттік міндетті жүзеге асыру үшін мақсатты түрде жұмыс істеуде.

Соңғы бес жылда университет «QS WUR» рейтингінде 400 сатыдан астам белеске көтерілді.


Әлемдік тәжірибеде бірде-бір ЖОО мұндай өсу қарқынына кол жеткізген емес! QS сарапшыларының ұсынысы бойынша ҚазҰУ тәжірибесі әлемдегі жетекші университеттерде зерттелуде. Мұндай көрсеткіш білім беру мен ғылымның әлемдік нарығындағы университеттің жоғары бәсекеге қабілеттілігінің дәлелді айғағы.

Айта кету керек, «QS WUR by Subject» пәндік рейтингінің нәтижесінде ҚазҰУ ТМД елдері жоғары оқу орындарының арасында бірінші болып әлемдегі ең үздік 51-100 топқа енген.


Жалпы аталмыш рейтингіге жетекші қазақстандық университеттің алты мамандығы кірді.

Ғаламдық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі ҚазҰУ рөлінің артуын ескере отырып QS Қазақстанда халықаралық форум өткізуді шешті. Университеттің ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның бүкіл жоғары білім беру жүйесінің әлемдік биік беделінің көрсеткіші болып табылатын «Адами мұра және жоғары технологиялар үйлесімі негізінде жетілу» атты әлемдік деңгейдегі шара 2019 жылдың қыркүйегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ негізінде өтеді.

ҚазҰУ өзге де беделді халықаралық рейтингілерде қарқынды серпіліспен алға жылжуда.

«Times Higher Education» Британдық агенттігінің зерттеу нәтижесі бойынша ҚазҰУ Орталық Азияда алғаш болып әлемдегі ең үздік ЖОО-лар тобына кірді.

«UI Green Metric Ranking of World Universities» жаһандық рейтингінде ҚазҰУ 172 орын алды, Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік палатасы еуропалық рейтингінде ҚазҰУ «АА» бағасына иеленіп, жетекші еуропалық жоғары оқу орындарының тобына енді. Танымал халықаралық «Great Value Colleges» (АҚШ) ұйымының зерттеу нәтижесі бойынша ҚазҰУ әлемнің технологиялық дамыған университетінің ішінде 31-ші орынды бағындырды.

Ауқымды құрылымдық модернизациялау, нәтижелерге негізделген менеджменттің жоғары тиімділігі және соңғы бес жылда 50%-ға дейін өскен бірегей инфрақұрылымдардың қарқынды дамуы ҚазҰУ-дың рейтингілердегі алға жылжуының маңызды факторы болды.

Университеттің әлемдік танылуы халықаралық әріптестік аясының кеңеюі және интернационализацияның дамуымен, сонымен қатар ҚазҰУ-дың БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасының тұрақты даму жөніндегі ғаламдық хабы ретіндегі белсенді қызметімен байланысты.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x