Жетісу жылыжай салуға қолайлы өңір

Dalanews 11 сәу. 2019 04:22 409

Қазір елімізде жылыжай шаруашылығы жан-жақты даму үстінде. Жылыжай салуға қолайлы аймақтың бірі – Алматы облысы. Осы мүмкіншілікті басшылыққа алған жетісулық шаруалар қыстың көзі қырауда көкөніс өсіріп, табысқа кенелудің маңызын бір кісідей түсініп отыр. Еліміздегі ірі жылыжай кешендері Алматы облысында орналасқанын ескерсек, өңірде бұл бағыттағы жұмыстар тиянақты іске асып жатқанын аңғаруға болады. Соңғы уақыттары қарапайым шаруалардың да жылыжай салып, бұл іске бел буып, білек сыбана кіріскенін байқауға болады. Таяуда Алматы облысының Сарқан ауданында тұратын көпбалалы жас ана Ділдана Бөкей жалпы аумағы 500 шаршы метрді құрайтын заманауи жылыжай кешенін салып, жер емген шаруаларға үлгі-өнеге көрсетті.

 

Көпбалалы ана жылыжай бизнесіне ден қойды

Сарқан ауданының Бірлік ауданында бой көтерген жылыжай жыл он екі ай жұмыс істеп, аудан тұрғындарын қызанақ пен қиярмен қамтамасыз етуді көздеп отыр.

– Жылыжай салу ісі көптен бері ойымда жүрген еді. Ойға алған істі жүзеге асыру үшін қаржы мен күш керек екені белгілі. Бүгін сол арман-мақсатыма қол жеткізіп отырмын. Жылыжайдың құрылысын қыста бастаған болатынбыз. Бірінші кезекте нысанды жылыту жүйесін орнаттық. Көкөністі тамшылатып суару жүйесімен суаратын боламыз. Өйткені бұл жүйе суды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда тез арада пісіп жетілетін көкөністің сорттарын егіп, күтіп-баптап жатқан жайымыз бар. Алғашқы өнімді сәуір айының аяғында жинап, саудаға шығармақпыз, – дейді шаруа.

Ділдана Бөкейдің әңгімесін тыңдағанымызда, оның жылыжай бизнесіне үлкен дайындықпен келгенін білдік. Ол «Даму» қоры ұйымдастырған «Бастау» жобасына қатысып, жылыжай бизнесін жүргізу ісін жан-жақты зерттеген. Бұдан басқа өндірген өнімін саудалаудың маркетингтік жолдары бойынша да біліктілігін жетілдіргенін алға тартты.

– Біздің отбасымыз үлкен. Бүгінде отағасы екеуміз бес бала тәрбиелеп отырмыз. Сол себепті біздер отбасылық бизнестің негізін қалап, оны жетілдіруді көптен бері армандадық. Өткен жылы жазда  «Бастау» бизнес-жобасын аяқтағаннан кейін «Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан» 2,9 млн теңге шамасында жеңілдетілген мөлшермен  несие алып, іске кіріскен болатынбыз. Қазіргі таңда ойға алған істеріміз рет-ретімен іске асып келеді, – деп жылыжай ісіне бар ынта-ықыласымен кіріскен Ділдана Бөкей өзінің кәсібі жайында кеңінен әңгімелеп берді.

 

Термальді су көздерінің мүмкіндіктері

Алматы облысы Алматы қаласының маңайында азық-түлік белдеуін құру мақсатында бірнеше жылдан бері еңбек етіп келе жатқаны белгілі. Бірнеше миллион адамды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуде жер жаннаты Жетісудың мүмкіндігі зор. Жылыжай бизнесін дамытуда Алматы облысының өзге облыстарға қарағанда өзіндік ерекшелігі бар екенін айтпай кетуге болмас.

Біздің білуімізше, Алматы облысына қарайтын Панфилов, Ұйғыр ауданы аумағында жер астынан шығып жатқан ыстық судың көзі бар.  Бұл термальді су көздерінен түрлі шипажайлар салып, өңірде туризмді дамытудан бөлек, жылыжай кешендерін өркендетіп, көп шығынсыз мол өнім алуға кепілдік беретіні белгілі.

Алматы облысы әкімдігіне қарасты Ауыл шаруашылығы басқармасы бұл бағытқа да баса көңіл бөліп, бірқатар маңызды жобаларды қолға алып, іске кірісіп кеткенінен хабардармыз.

Жер астынан толассыз шығып жатқан ыстық минералды сулар жылыжайға қажетті микроклимат қалыптастырып, шаруалардың мол өнім алуына кепілдік береді.

Айталық, технолог мамандығын жетік меңгерген Артем Дыдыко қазіргі таңда термальді су көздерін пайдаланып, жылыжай кешендерін салып, халықты сапалы көкөніспен қамтамасыз етіп отыр.

Ол заманауи жылыжай кешенін салу барысында Украинадан арнайы мамандарды тартып, олардың іс-тәжірибесімен бөліскен. Қазіргі таңда жылыжай бизнесіне ден қоған кәсіпкер аптасына 20 тонна көкөніс жинайтын деңгейге жеткен.

– Жылыжай бизнесінде қолданған технологиямыз бүгінде өзінің нәтижесін беріп отыр. Біздің жылыжай кешенінің басқаларға қарағанда айырмашылығы біздер көкөністерді арнайы жасанды субстратта (жасанды топырақ) өсіріп, өсімдіктерге қажетті микроэлементтерді суға араластырып береміз. Біздер әдетте, өсімдіктерге қаншалықты микроэлементтер қажет екенін есепке алып, сол мөлшерден аспаймыз. Микроэлементтердің ішінде ешқандай нитраттар жоқ.

Біз жылыжайда көкөністі жасанды жолмен өсіргеніміз болмаса, өнімдерді экологиялық таза өнім деп атауға болады. Жылыжай кешеніміз барлық халықаралық стандарттардың талабына жауап береді. Жер астынан шығып жатқан 65 градустық ыстық су көздері жыл бойы жылыжай ішінде өсімдіктерге қажетті микроклиматты сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Керек десеңіз, біздер көмір, газ жағып, қоршаған ортаны ластамаймыз.

Аудандағы жылыжай бизнесінің даму қарқыны жайында Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Құралбек Бекмұханбетов те ойын ортаға салды. Ол аудандағы термальді су көздерін пайдаланып жұмыс істейтін жылыжайлардың жалпы аумағы 10 гектардан асқанын алға тартты.

Биыл ауданда 6 гектар жерге жерасты ыстық суымен жұмыс істейтін жылыжай кешендерін салмақшы екен. Термальді су көздерін пайдаланып, жылыжай салуға бірқатар инвесторлар қызығып отырғанын да білдік. Қазіргі таңда Ұйғыр ауданы аумағындағы жылыжай кешендерінде өндірілген өнімдер негізінен, Алматы қаласына, кейде еліміздің өзге облыстарына да жөнелтіледі екен.

 

«Green Land Alatau» Жетісудың мақтанышы

«Green Land Alatau» жылыжай кешені Алматы облысын былай қойғанда, еліміздегі ең ірі жылыжай кешені екені белгілі. Жақын болашақта Іле ауданындағы бұл жылыжайдың аумағын 60 гектарға дейін ұлғайту жоспарда бар.  Өндірістік жылыжайды салуға 75 млрд теңге инвестиция қарастырылған. Ауқымды жоба өз мәресіне 2022 жылы жететін болады.

Жобаның бірінші кезеңінде 20 гектар жерге өндірістік қуаты жылына 15 мың тонна қызанақ өндіретін өндірістік жылыжай салынып, 260 жұмыс орны ашылған болатын. Жылыжайдың бірінші кезеңі құрылысының құны 25 млрд теңгені құрады.

Жобаның екінші кезеңі 2018 жылы іске қосылды. Жылыжай аумағында табиғи газ жүргізгеннен кейін жылыжай кешенінің аумағы тағы да 15 гектар жерге кеңейді. «Green Land Alatau» серіктестігі өткен жылы мыңдаған тонна қызанақ пен қиярды еліміз бен Ресей нарығына экспорттағанын мақтанышпен айтуға болады.

Соңғы уақыттары Алматы облысының аумағын газдандыру ісі қолға алынғалы бері жылыжай бизнесі де дамып келе жатқанын атап айтуға болады. Жалпы, облыс аумағында жаңа көлік дәліздерінің салынып, газдандыру жұмыстары қарқынды түрде іске аса бастағалы бері аудандарда жылыжай салу ісі дамып, жаңа кезеңге аяқ басқанына куә болып отырмыз.

Нұрлан ӘУБӘКІР

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x