Польшада «Абай» жастар орталығы ашылды  

Dalanews 11 ақп. 2019 07:23 235

Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Польшаның Свече қаласында «Абай» жастар мәдени-білім орталығы өз жұмысын бастады.

Оның ашылуы Лингвистикалық-технологиялық университетінде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің (ШҚМУ) ректоры Мұхтар Төлегеннің бастамасымен және ҚР БҒМ, Польшадағы ҚР Елшілігі, облыс әкімдігі және «Нұр Отан» партиясының филиалының қолдауымен өткізілді.



«Абай» орталығының Елбасының бастамасы – Жастар жылында ашылуы терең символдық мәнге ие.

Оның тапсырмаларын орындай отырып, біз қазақ мәдениеті мен Ұлы дала мұрасын ілгерілететін орталық аштық.


Бұл мәдениетаралық қарым-қатынас пен тәжірибе алмасу үшін, бірлескен білім беру бағдарламалары мен халықаралық ғылыми жобаларды іске асыру, академиялық ұтқырлық және Қазақстан мен Польша жоғары оқу орындары арасындағы қос дипломды білім беруді жүзеге асыру үшін жақсы платформа», - деп атап өтті орталықтың ашылу салтанатында ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген.

Сондай-ақ, ол орталықтың атауындағы Абайдың аты кездейсоқтық емес екендігіне ерекше көңіл аударды. Бұл қазақ мәдениетінің аса маңызды символы және Ұлы дала гениі, ал шығыс қазақстандықтар үшін жерлес. Университетте Абай оқуларының бай дәстүрлері қалыптасқан, белгілі ғалым Айжан Қартаеваның ғылыми мектебі бар. Жоғары оқу орнында ірі конференциялар өткізіліп, монографиялар мен ғылыми мақалалар жарық көріп, Абай мұрасын зерделеуге арналған диссертациялар жазылуда.



Лингвистикалық-технологиялық университетінің ректоры Эльжбета Штерналь өз сөзінде орталық ашу үшін екі университетпен қыруар жұмыстар атқарылғанын атап өтті. «Біз жеке жай бөлдік, ал біздің шығыс қазақстандық әріптестеріміз орталыққа Қазақстан туралы поляк, ағылшын, қазақ және орыс тілдеріндегі кітаптар, мәдени және тарихи артефакттар, Абайдың мүсіні мен суретін табыстады. Орталық жастар үшін тартымды орын болып, біздің халықтарымыз арасындағы достық пен мәдени алмасудың тағы бір көпіріне айналатындығына және де 2019-шы жыл бірлескен бастамалар мен ең батыл идеяларды жүзеге асыру жылы болатындығына сенімдімін» - деді университет ректоры.

Кездесу барысында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды және ректор Мұхтар Төлеген поляк әріптестеріне көрсетілген жылу қабылдау мен қолдаулары үшін алғыс білдіріп, Эльжбета Штернальға «Абай» медалін табыс етті.

Сонымен бірге ШҚМУ-да орталықтың ашылу күнінде «Мәдениеттер диалогындағы университеттердің рөлі» атты халықаралық дөңгелек үстел өткізіліп, оған поляк ғалымдары мен студенттері онлайн-режимде қатысты. Екі достас елдің университеттері арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің келесі қадамы – С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да «Коперник» мәдени-білім беру орталығынының ашылуы болмақ.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x