ҚазҰУ-дегі тарихи-көркем экспозицияға саяхат

Dalanews 26 желт. 2018 07:41 206

Қазақ елі – сан түрлі ұлттардан құралған, бейбітсүйгіш, бірлігі жарасқан дархан ел. Қазақстанды көркейтетін, шаңырағын биіктетіп байытатын, абыройын асырып, өз бақытының иесі болуына қол жеткізіп отыратын - білім мен білік жолы болып табылады.Рухани жаңғыру мен жаңаруда білім берудің рөлі зор. Білім, тәлім мен тәрбие мәселесі – қоғамымыздың болашағы болып табылады.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Қазақстан үшін тарихи дамудың жаңа кезеңіндегі өзектілігімен әрі маңыздылығымен ерекше.Еліміздің Президенті өз мақаласында атап көрсеткенұлттық санаға қатысты және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі заманауи қазақстандық мəдениетті əлемге таныту мəселесіне басым көңіл бөлді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Елбасы идеяларын насихаттай отырып, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласында көрсетілген көптеген бағыттарды жүйелі түрде жүзеге асыруда.  Университетте «Айналаңды нұрландыр» жобасы табысты жүзеге асуда.Жастарды азаматтық және рухани-адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеуде бұл жобаның үлесі зор.

Осы аталған жоба аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының ұйымдастыруымен ғылыми-танымдық, тәрбиелік маңызы бар  іс-шаралар  өткізіліп отырады.

Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының «Саяхат» атты өлкетану клубы әлемнің Қытай, Корея, Жапония, АҚШ, Испания, Дания, Иран, Австралия елдерінен келген шетелдік студенттеріне ҚазҰУ-дың әл-Фараби атындағы кітапханасындағы «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-көркем экспозицияна саяхат ұйымдастырды.

Бұл экспозиция Елбасының мақаласында атап өтілген ата-бабаларымыздың озық технологияларын куәландыратын қазақтардың тарихи мұрасының барлық жеті символын бейнелейді. Бұл ұлттық бірегейліктің басты тірегі бола алады.

Кафедраның мақсаты заманауи қазақстандық мəдениетті əлемге таныту, ұлттық мəдениетті, қасиетті рухани құндылықтарды  шетелдік азаматтарға кеңінен таныстыру болды.

Саяхат барысында шетелдік студенттер экспозициядағы сәндік-қолданбалы өнер ескерткіштерінің көшірмелерімен, Қазақстанның ежелгі тарихының түрлі кезеңдеріндегі археологиялық олжаларымен, атап айтқанда, Күлтегіннің бейнелерімен, «Көк бөрімен», «Тоньюкук» ежелгі түрік жазбаларымен, Аралтөбенің сармат дәуіріндегі «Алтын адам» бейнесімен және экспозицияның сенсациялық экспонаты болып табылатын Қазақстанда алғаш рет көрсетілген Хуннулардың бірегей 136 әріптен тұратын және Қытай ғалымдарымен Венгрия, Германия, Болгария, Қытай, Норвегия, Моңғолия мен Ресейден әртүрлі жылдарда табылған археологиялық олжалар негізінде қайта қалпына келтірілген алфавитімен және басқа да экспонаттармен танысып, кешенді аралады. Ежелгі заманнан қазіргі уақытқа дейінгі Ұлы даланың тарихын көрсететін «Ұлы даланың жеті қыры» экспозициясы университеттегі «Қазақ елі» тарихи-көркемөнер кешенінің ажырамас бөлігі болып табылады.

Сонымен қатар шетелдік студенттер ХХ ғасыр басында қазақ халқының тәуелсіздік үшін ұлт-азаттық күресінің негізгі кезеңдері бейнеленген «Алаш мұраты» атты келесі демонстрациялық залын және қазақ халқының Президентпен бірлесе отырып ғасырлар бойғы аңсаған тәуелсіздік пен егемендікке қол жеткізу туралы арманының жүзеге асырылуын көрсететін тарихи бейнелер мен заманауи шындықтар келтірілген «Мәңгілік Ел» атты көркемдік панорамасын көріп тамашалап, өз таңданыстарын да білдірді, қызықтырған сұрақтарын да қойды.

Заманауи қазақстандық мəдениетті əлемге таныту аясында «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-көркем экспозициясымен, сонымен бірге ұлттық мəдениетпен, қасиетті рухани құндылықтармен таныстыру арқылы біз өткен тарихымызды, мәдениетімізді білетінімізді шетелдік студенттерге дәріптеу. Оларды ұлттық мәдениетімізді құрметтеуге тәрбиелеуде саяхаттың берері мол болды.

Бұл, біріншіден, қазақ халқының жоғары мәдениеті мен өнегелік қасиеттері туралы шетелдік студенттердің тарихи-мәдени білімдерін көтерудің өзгеше формасы, екіншіден шетелдік студенттердің ой-танымын қалыптастырудың негізі болар бірден-бір жақсы шара болды.

 

 

А.Е. Саденова, филология ғылымдарының докторы.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x