Ақынға құрмет көрсетілді

Dalanews 25 қаз. 2018 16:16 235

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Мәдениет оталығында Қазақстан Жастар одағы және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, көрнекті ақын Қасымхан Бегмановтың 60 жылдығына арналған «Сағыныштан тұрады тіршілігім» атты шығармашылық кеші аталып өтті.

Аталған шараға елімізге танымал ақындар келіп, өз құттықтауларын білдірді. Саналы ғұмырын өлеңмен өрнектеп келе жатқан айтулы ақын бүгінгі күні алпыстың асуына келіп отыр.

Мамандығы қарапайым инженер бола тұра қара өлеңге ғашық ауыл баласының, поэзия әлемі арқылы елдің азаматына айналып отырғандығы қарымды қаламының арқасы. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік пен ыстық сезімге толы әрбір өлеңі жастарға қанат бітіреді.

Салтанатты шара барысында мерейтой иесіне Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті Болатбек Абдрасиловтың атынан арнайы құттықтау хатты «Рухани жаңғыру бағдарламасы» орталығының басшысы Ә.Әбуов тапсырды. Және де жиын барысында ақын «Шерлі Түркістан» деп аталатын тарихи-дастанынан үзінді оқылып, жиналған қауымның үлкен қошеметіне бөленді. Кеш қалалық мәдениет үйінің өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x