Антиресейлік санкцияның салдары қандай болмақ?

Dalanews 08 қаз. 2018 04:26 154

«Еуразия әлемі» пікір-сайыс клубының кезекті басқосуы «Протекционизм және санкциялар – әлемдік экономика мен саясаттың заманауи тенденциясы іспеттес» атты тақырыпқа арналды.

Қазақстан интернет-қауымдастығының президенті Шавкат Сабировтың пікірінше, мемлекет мән бермегесін ІТ саласы, көлікқұрастыру, инженерия дамымай қалды біздің елде.

Бұларды бір ізге түсіріп, экономиканың алдыңғы дөңгелегіне айналдырары мүмкіндігіміз болған. Қазір кеш. 

Еуразиялық одаққа басқа ешкімге керегі жоқ біздің нарық. Осы одақты құрған Ресейдің есіл-дерті ортақ экономика емес, саяси мүдде», дейді ол.


Саясаттанушы Замир Қаражанов өз кезегінде:  «Санкцияның оңғаны жоқ. «Санкция жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады» деген жаттанды ұрандардың бәрі жалған.

Санкцияның нәтижесінде өсіп, өркендеп, дамып, жетіліп кеткен елдерді естіген емеспін.

Кез-келген санкцияның мақсаты қарсы тараптың тынысын тарылту, аяғына тұсау салу, дамуын тежеу.

«Оқшаулану арқылы отандық өндірушіні қолдауға болады» деген ұстаным да тым тұрпайы. Әлемнен оқшаулану ақыр аяғында мемлекеттің өзін орға жығады» деген пікір білдірді.


Саясаттанукшы Леся Қаратаеваның айтуынша, соңғы кездері бұл мәселені тым саясиландырып жібердік.

«Дегенмен санкцияны сөз еткенде айналып өте алмайтын бір жайт бар: Антиресейлік санкциялық түптің түбінде Ресейді құрдымға кетірмей ме? Экономикасы күйреп тұнған Мәскеу өз одақтастарын да осы құзға қоса сүйреп жүрмей ме?», – деді ол.

Жиынды түйіндеген ғалым Дәурен Әбен бұл ретте:

«Қазіргі жағдайда біздің дипломаттар мен экономистер қойын-қолтықтасып жұмыс жасауы қажет. Еуразиялық одаққа алғаш қосылған жылдары Қазақстанның атынан келіссөз жүргізгендер Ресей мен Беларусьтің алдында елдің мүддесін қорғай алмайды, кейбір маңызды тармақтарға келгенде табандылық таныта алмады деген пікірлер айтылған тұғын.

Бұл сөздің жаны бар. Ендеше Қазақстанды қазіргідей жағдайға түскені үшін санкцияларды кіналаған жөн емес ендеше. Одаққа қатысты келіссөздерде кәсібилік, біліктілік таныта алмаған билік басындағы экономистер жауап беруі керек бұған», – деді.  

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x