Back

Жээнбеков: “Отбасымның ешбір мүшесін билікке жібермеймін”

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков 21 қыркүйекте аймаққа сапары кезінде елде отбасылық басқаруға жол бермейтінін тағы мәлімдеді. Ол президенттің атын жамылып жүргендерді жауапқа тартуты тапсырды.

“Жээнбеков Бакиевке айналып, туыстарын билікке тартып жатыр екен деген алып-қашпа әңгімелерді әдейі таратып жатыр. Мен ешқандай туысымды билікке жібермеймін.

Оны біліп қойсам, қатаң жаза қолданам. Оны барлығы жақсы біледі.

Қазір менің көптеген “туысым” мен “достарым” пайда болды. Олар менің атымды жамылып жұмысқа тұрады екен. Мұндай жағдайлар анықталса, олар бірден ұсталсын деп айтам.

Бұрынғы президенттердің тәжірибесі – маған үлкен сабақ болды. Менің ұлым мен қызым бар. Ұлым төртінші сыныпта оқиды. Ол Максим Бакиевтің жасына жетем дегенше, мен қызметтен кетем. Менің мақсатым – халықпен бірге болуы және президенттік қызметті тыныш тапсыру”, – деді ол.

Президент бұған дейін де Қырғызстанда отбасылық билікке жол бермейтінін мәлімдеген.