Қазақ ғалымының шетелде жарық көрген еңбегі ерекше көзге түсті

Dalanews 15 мау. 2018 09:32 182

Еуразия құрлығынан шыққан ғылыми-танымдық еңбектерді жариялауға маманданған Hertfordshire Press ағылшын баспа үйі академик Оразалы Сәбденнің „Абай, Қазақстанның болашағы және әлемдік өркениет„ атты философиялық кітабын басып шығарды.
Ол әлемдік қауымдастықтың қызығушылығын туғызып, қазір кеңінен талқылануда. Әлем қауымдастығына ұсынылған бұл кітап қазақтың ұлы ақыны Абайдың поэтикалық және қара сөздері арқылы бүгінгі күннің мәселесін көтеруде уақыт пен кеңістікті еңсеретін эпикалық жұмыс боп табылады.

Болашақты болжау әр кезде оңай болмаған, міне осындай ауыр жүгі бар ғылыми еңбек тек Қазақстан мен Орталық Азия елдері ғана емес, сонымен қатар барлық әлемге тән бірқатар мәселенің басын шалады. „Технологиялық„ болашаққа көз жұма ілесіп, жүйткіп бара жатқан мына біз нені тысқары қалдырып жатырмыз? Басты назар аудартатын да тұс осы онда.

Оразалы Сәбденнің шетелдік басылым басып шығарған бұл екінші кітабы, негізі. Алдында, яғни 2016 жылы Лондонда өткен “Open Eurasian Literature Festival&Book Forum” атты V әдеби фестивалі кезінде Әбдімәлік Әшіровпен бірге жазған “The Conceptual Strategy for Humankind’s Survival in the XXI Century and Food Security” кітабының тұсауы кесілген еді. Бұл тек Оразалы Сәбденнің ғана емес, жалпы Қазақстан экономикасы ғылымының қол жеткізген үлкен жетістігі деп бағаланған еді сол кезде.



Сондай-ақ ол ағылшынның ғылыми қауымдастығы тарапынан үлкен қолдауға ие болған Қазақстан экономикасының тарихы туралы алғашқы еңбек. Қазақ ғалымының еңбегіне Нобель сыйлығының тең иегері, Вашингтон академиясының академигі С.Тимашевтің өзі оң пікір жазып қалдырған. Ұлыбританиядағы баспаның мәліметінше, бүгіндері бұл кітап Австралия, Жаңа Зеландия, Канада, Швеция, Нидерланды, Дания, Ұлыбритания және АҚШ сынды елдерде сатылымға шығарылған. Одан бөлек әлемдегі ең мықты деген 200 универсиететтің кітапханасына жөнелтілген.
 Ал бүгіндері жарық көрген “Абай, Қазақстанның болашағы және әлемдік өркениет” еңбегі алдындағы кітапта көтерілген адамзаттың өміршеңдігін ұзарту мәселесін ары қарай талқылайды. Сөйтіп оны экономикалық, саяси, экологиялық тұрғыдағы пәлсапалық көзқарастағы шешімдер арқылы сипаттап, жұрт назарына бірнеше ұсыныстың талқысын ұсынады. Онымен біреу келісер, біреу келіспес, дегенмен ғылыми ортаның пайымы жалпы жұртшылыққа осылай жетуде.

Ағылшын баспасы академик Оразалы Сәбденді Орталық Азиядан шыққан мықты ғалым, Қазақстан ғалымдары одағының президенті, академик, ҚР Парламентінде төрт рет депутат болған,

ол әлемдік ғылыми ойдың эпицентрінде жарқ еткен ғаламдық масштабтағы өзгеге ұқсамайтын жемісті идеяларымен танылған Орталық Азияның түкпірінен шыққан ғалым деп таныстырады.

Айта кетелік, биыл 16 жылдығын атап өтпек “Hertfordshire Press“ ағылшын баспа үйі Еуразия құрлығындағы ғылыми еңбектерді іріктеп, жариялап, әлемге осы өңірдің өмірі мен халқын, жай-күйі мен тұрмыс-тіршілігін насихаттайды. 16 жыл ішінде бұл баспа 65 автордың 130-дан астам кітабын басып шығарған. Соның ішінде қазақ ғалымынан осы кісі — Оразалы Сәбден де бар.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x