Кентауда кен өңдейтін зауыт ашылып, жылыжай ісі қарқынды дамуда

Dalanews 07 мау. 2018 10:53 109

Кентаудағы барит өнімдерін өңдейтін зауыт қайта іс қосылды. 10 жылдай уақыт тұралап қалған кәсіпорынға бүгінде 600 млн. теңге инвестиция құйылған. Нәижесінде 100-ден астам жергілікті тұрғын «Восток-Минерал» ЖШС-не жұмысқа орналасқан. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі ұйымдастырған пресс-тур кезінде журналистер осы сынды бірқатар шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын аралап, жұмысымен танысты.

Кәсіпорын жылына 50 мың тонна барит өнімдерін өңдеуге қаухарлы. 2018-2025 жылдары зауыттың өнім көлемі 1 млрд. 730 млн. теңге артып, 344 млн. теңге салық түсіреді деген жоспар бар. Дайын өнім еліміздің мұнай-газ саласындағы ұлттық компаниялардан бөлек, Ресей және Өзбекстанға экспортталатын болады.

Сондай-ақ, БАҚ өкілдері ауыл шаруашылық және әлеуметтік саласына қатысты кәсіпкерлік нысандарында да болды. Қалаға қарасты Қарнақ ауылының тұрғыны А.Хабибуллаев 2014 жылы мал бордақылау алаңын ашқан. Ірі қара өсірумен айналысатын шаруа, бүгінде сүт өндіруді де жолға қойған. Қазіргі таңда 10 сиыр сауып, 10 өгіз бордақылап отыр. 2 адам жұмыспен қамтылған.

Осы ауылдың тұрғыны О.Юлдашева жанұясымен жылыжай шаруашылығын қолға алған. 20 соттық аумаққа қызанақ пен қияр өсірумен айналысады. Қожалық иесі кәсібін бастапқы да 3 млн. теңге несие алып бастаған. Бүгінде шаруа 15 тоннаға дейін өнім алып, Кентау, Түркістан қалаларына саудалауда.

Сонымен қатар, Кентау қаласында «Өрлеу» және «Атаулы әлеуметтік көмек» бағдарламаларының арқасында жеке кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетіп отырғандар да баршылық. Солардың бірі 3 баланың анасы С.Молдабаева Өрлеу жобасы арқылы 766500 теңге алып, жеке тігін шеберханасын ашқан. Бір адамды жұмысқа қабылдаған кәсіпкер көрпе-төсек бастап, киім кешекке дейін тігуді қолға алған.

Айта кетейік, 2017 жылы Өрлеу жобасы бойынша 790 отбасы 288,2 млн. теңгеге ақшалай көмек алған. Олардың қатарында мал және құс шаруашылығынан бөлек, тігін, ағаш, темір шеберханасы мен түрлі қызметтер көрсететін шағын мекемелер бар. Сондай-ақ, «Атаулы әлеуметтік көмек» бойынша жыл басынан бері 860 отбасыға 112000 млн. теңге қаржылай көмек тағайындалған.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x