Назарбаев: "7-20-25? Ұрлау деген болмасын"

Dalanews 01 мау. 2018 10:19 219

Назарбаев жаңа "7-20-25" тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру кезінде шенеуніктерді "ұрламауға" шақырды.


"Партияластар, әкімдер, осы жерде отырған барлығыңызға айтарым — бағдарлама дұрыс жүзеге асырылуы керек, ұрлау деген болмасын. Кімге ақша бөлінсе, соған жетуі керек", — деді Назарбаев "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында. 

Президенттің айтуынша, бұл бағдарламаны жүзеге асыру құрылыс қарқынын арттырады, нәтижесінде бизнес дамиды. 
"Құрылысқа материалдар керек. Мұның бәрін бизнес жасайды. Американы Форд мырза бастаған автомобиль өнеркәсібі көтергені үнемі айтылып жүреді. Біздің елді тұрғын үй құрылысы мен ауыл шаруашылығы дамыта алады", — деді Назарбаев.

Айта кетсек, "7 — 20 — 25" тұрғын үй бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша теңгемен ипотека алу мүмкіндігіне ие болады. Несие өсімінің мөлшерлемесі жылына 7 пайыздан аспайды. Бастапқы жарна баспана құнының 20 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болады.

Банктерден кредиттерді сатып алатын оператор құрылып, ол "Баспана" ипотекалық компаниясы деп аталмақ. Бағдарлама 2018 жылдың екінші жартысынан бастап іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Дереккөзsputniknews.kz

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x