Жетісуда «Жаужүрек полк» шеруінде жүріп өтті

Dalanews 11 мам. 2018 10:14 207

Ұлы Жеңіс мерекесі күні Талдықорған қаласындағы Тәуелсіздік көшесінің бойымен орталық алаңнан «Жастар» мәдени-демалыс саябағына дейін «Жаужүрек полк» колоннасымен жүріп өткен мыңнан астам талдықорғандық майдангерлерді құрметпен еске алды.



9 Мамыр мерекесі Талдықорғанда Даңқ обелискісіне гүл шоқтарын қоюдан басталып, негізгі шаралар «Жастар» саябағында жалғасты. Ең алдымен көрермендерге «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс» атты театрландырылған көрініс ұсынылды. Онда соғыс басталғаннан Жеңіске қол жеткізгенге дейінгі аралықтағы сұрапыл жылдардың ауыр кезеңдері көрсетілді. Қаланың орталық көшелерімен «Жаужүрек полк» шеруінің жүріп өтуі де Жеңіске деген құрметті еселей түсті.

Ардақты ардагерлер мен жиналған қауымды мерекемен құттықтаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Л.Тұрлашов:

– Бүгін батырлық пен жанқиярлық ерліктің, бірлік пен тату тірліктің  мерекесі – Ұлы Жеңіске 73 жыл толып отыр. Баршаңызды осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Аға ұрпақтың жеңісі мен бүгінгі біздің жетістігіміз – бір-бірімен тығыз байланысты. Егер аға буынның ерлігі болмағанда, біз мұндай мемлекет құра алмас едік, – деп ерекше атап көрсетті. Бұл сұрапыл соғысқа 1 миллион 800 мың қазақстандық аттанып, соның тең жартысы қан майданнан қайтпады. Бүгін қасымызда жүрген соғыс ардагерлері – бiздiң мақтанышымыз. Олар Отан қорғау жолында нағыз патриотизмнiң үлгiсiн көрсетті. Аға буын жастарды тәрбиелеп, еліміздің өсіп-өркендеуі үшiн атсалысты. Ардагерлерге барынша қамқорлық жасау – бiздiң қасиеттi борышымыз, – деп атап өтті.

Жеңісті жақындатудағы жетісулықтардың қосқан үлесін айта келе, ардагерлерге мықты денсаулық, бейбіт өмір тіледі.

Мерекелік концертте облыстың шығармашылық ұжымдары, Қазақстан эстрадасының жарық жұлдызы Әлібек Дінішев патриоттық рухтағы репертуарларымен халықтың ыстық ықыласына бөленді. Атап айтқанда Ұлы Жеңіс, береке-бірлік, достық пен сүйіспеншілік, Отан жайындағы әндер мерекенің салмағын арттыра түсті. Саябақта дәстүрлі «Дала асханасы» қойылып, ардагерлер асханадан дәм татты.

Осы күні «Талдықорған» ипподромында мерекеге орай ұлттық ат спорты түрлерінен республикалық жарыс өтіп, кешкілік «Жастар» саябағында жастарға арналған би кеші мен мерекелік отшашу ұйымдастырылады.

Балжан Қайратқызы,

Талдықорған қаласы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x