Жетісуда жүз жаңа бизнес-жоба іске қосылмақ

Dalanews 11 мам. 2018 10:07 142

Облыс экономикасының дамуында  бизнес маңызды рөл атқарады, сондықтан қазір Алматы облысында бұл мәселеге үлкен көңіл бөлінуде. Биылғы жылы 100 кәсіпкерлік нысандарын ашу жоспарланып, соның арқасында 2034 адам жұмысқа орналастырылмақ.



Алматы облысының экономикасының қарқынды дамуында микро және шағын бизнес секторы маңызды рөл атқарып келеді. Облыстағы шағын және орта бизнесте 110 мың субъекті, оларда жұмыс істейтіндердің саны 11% өсіп, 248 мың адамға жетті. Осы салада өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 1 трлн теңгенің айналасында, олардан 75 млрд теңге салық түсіп, оның жергілікті бюджеттегі үлесі 37-ден 43%-ке өсті.

Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметтері бойынша, жаңа жобалардың негізгі бөлігі сауда, өнеркәсіп және тамақ өнімдерін өндіру салалары болмақ.

Іле ауданындағы ең ірі жобалардың бірі «Сокол автодром» спорттық-техникалық кешені болып табылады. Жобаға 22 млрд 235 млн теңге бөлінген. Ауқымды мақсатты орындауға жергілікті тұрғындардан 70 адамды жұмыспен қамту мүмкіндігі туып отыр.

Сонымен қатар Іле ауданы жүзеге асырылатын жобалар бойынша ең үлкен көрсеткіш көрсетуде. Жалпы алғанда, 418 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Соның ішінде аудан орталық жылыту жүйесін жүргізуді, тау-кен өнеркәсібін дамыту үшін өңделмеген кен өндіру зауытын ашу, мал шаруашылығын және құрылыс материалдарын өндіретін бірнеше зауыттар салынбақ.

Мысалы, Көксу ауданында қарашада 1000 бас малға арналған жемдейтін орын пайдалануға беру жоспарланған, ал Балқаш ауданында жалпы құны 895 млн теңгеден асатын екі азық-түлік алаңы іске қосылады.

Қаратал ауданында «Almaty Energy Project» ЖШС ағымдағы жылдың қыркүйек айында күн электр стансасын,Қапшағай қаласы «Сарыбұлақ ЖЭС» ЖШС 11 жел электр стансасын тұрғызуды жоспарлауда.

Ескелді ауданының «Сәлем-Құс» ЖШС биылғы жылы бөдене шаруашылығын салуды бастайды, Ақсу ауданының «Калеков» шаруа қожалығы Үшкөл көлінде балық өсіруді көздеуде.

Жобалардың басым бөлігі 2018 жылы Алакөл ауданында жүзеге асырылатын болады. Өңірде  жеке кәсіпкерлер туризм саласын дамыту үшін  демалыс орындарын, қонақ үй кешендерін, дүкендер мен шағын-базарлардың құрылысын жүргізіп жатыр. Райымбек ауданы да осы саланы басты назарға алып отыр.

Айта кету керек, олардың барлығы мемлекет тарапынан қолдау тапқан. Өз өнімдерін ашуға немесе кеңейтуге ниет білдірген адамдарға несие, жеңілдіктер, гранттар берілетін болады.

Еске салайық, былтыр аймақ басшысы Амандық Баталов тұрғындармен кездесу барысында басты басымдықтардың бірі 100 жаңа кәсіпорын құру керектігін атап өткен болатын.

– Бұл жоба қарапайым халықтың жұмыспен қамтылуына көп мүмкіндік береді және олардың жұмыспен қамтылғандар арасындағы үлесін 30-дан 25%-ке төмендетуге жағдай жасайды, – деді А. Баталов.

Балжан Қайратқызы,

Алматы облысы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x