Талдықорғанда байқау өтті

Dalanews 04 мам. 2018 09:42 175

Талдықорғанда тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ерекше байқау ұйымдастырылды. «Өзгелер» деп аталатын сайыста қатысушы ұл-қыздардың өнер-білімі, мүмкіндігі бағаланды. Іріктеуден іркілмей өткен 10-ы финалдық бәсекеде бақ сынасты.



Бұл байқау облыс бойынша тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі жандар арасында журналист Сандуғаш Дүйсенованың ұйымдастыруымен өтіп отыр. Іс-шараның негізгі мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандардың маңызды мәселелеріне кәсіпкерлердің назарын аударту, өнерге деген ынта-ықыласын арттыра отырып, өмірге деген көзқарастарын қалыптастыру.

– Біз осы сайысты күнделікті тұрмыс-тіршілігі бірдей өтіп жатқан жандарға арнадық, яғни мүгедектігі бар адамдарға. Осы байқауды өткізбей жатып, жан-жақтан көп іздендік. Бұл мәселеге бейжай қарамайтын, шынайы ізгі ниеттерін білдіріп жатқан адамдар санының көптігін байқадық. Сондықтан да өмірге «Өзгелер» атты жоба дүниеге келді. Оған қатысушылардың барлығы да өте өнерлі екенің көрермендерге дәлелдей білді, – дейді байқау ұйымдастырушысы Сандуғаш Дүйсенова.

«Өзгелер» сайысына іріктеу бір ай бұрын жарияланған. Осы уақыт ішінде 20-дан аса адам қатысуға ниет білдіріпті. Төрт кезеңнен сүрінбей өткен оны финалға жолдама алған. Олар шешуші сында «Үздік ханзада, ханшайым» атану үшін барынша тырысып бақты. Байқаудың бір ерекшелігі қазылар алқасы әдеттегідей танымал тұлғалар емес. Қатысушыларға баға берер әділ топ қатарында мектеп оқушысы, студент, қарапайым жұмысшы да бар.

Айта кету керек, бұл бастаманы жергілікті атқарушы органдар, іскер әйелдер қауымдастығы, сұлулық салондары мен меценаттар қолдап, әр қатысушыға жеке киім үлгілерін де тігіп берген.

– Бүгінде, әрине, барлық әлеуметтік нысандарда пандустар бар. Алайда

өкінішке орай, шағын және орта бизнес түрі мейрамханалар, кафелер, шаштараздар, кинотеатрлар мүмкіндігі шектеулі адамдарға қол жетімді емес. Болашақта қатысушылар аудандарда іріктелініп, облыстық конкурсқа жолдама алатын болады, – деп қосты С.Дүйсенова.

Бала күннен балдаққа сүйеніп келген Мира Алтаева үшін бұл күн тарихи сәтке айналды. Өмірінде алғаш рет сахнаға шығып өнер көрсетті. Еркін жүріп тұра алмаса да, еңбектен қол үзген емес. Бүгінде бүтіндей бір отбасының аяулы жары, асыл анасы. Ал, бұл байқау оның мүмкіндігін одан ары арттырыпты.

«Бұрын-соңды байқауға қатыспаппын. Бүгін бірінші рет сахнаға шығуым. Сайыстың өтетінін әлеуметтік желіде көріп қалдым. Содан бағымды сынап көрейінші дедім. Біз негізі көп уақытымызды үйде өткізгендіктен мұндай шараларға қатыса бермейміз. Бұл байқау бізге зор мүмкіндік берді», –

деп алғысын білдірді.

Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлде Эльмира Смағұлова мен Сырым Кайратбековке бұйырды. Ал, көрерменге өзгеше биімен әсер сыйлаған Нұрболат Қасабеков пен Мира Алтаева кештің ханзада ханшайымы атанды. Басқа да қатысушыларға алғыс хатпен марапатталып, арнайы сыйлықтар табыс етілді. Әдемі де әсерлі кеш мұнымен аяқталған жоқ. Байқауда ханзада атанған Нұрболат Қасабеков сахна төрінде болашақ жарына ұсыныс жасады.

Балжан Қайратқызы, Алматы облысы

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x