Жер заңнамасында барлық талаптар ескерілген

Dalanews 17 мам. 2018 05:19 288

Ағымдағы жылдың 4 мамырында ҚР Президентімен «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 151-VI-ЗРК Заңына қол қойылған болатын. Бұл құжатта ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке сату және шетелдіктерге жалға беру туралы бірде-бір норма  жоқ. Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Созақбай Әбдіқұлов мәлім етті.



Оның айтуынша Заң қоғамдық кеңес отырыстарында, басқа да қоғамдық алаңдарда жұртшылықпен, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілермен кеңінен талқыланған.

– Заңда ауыл шаруашылығы жерлерін беруге енгізілген мораторийдің шеңберін  кеңейту қарастырылып отыр. Онда 1 пайыз болса да шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жер берілмейтін болады. Біріншіден, аталған Заңда ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру мақсатында жалға берудің жаңа әрі бөлек тәртібі қарастырылған. Екіншіден, ауыл шаруашылығы жерлерін үлкен көлемде «бір қолға» берілуін болдырмау мақсатында, әр облыстың әкімшілік аудандары шегінде ауыл шаруашылығы жерлерінің шектік мөлшерін белгілеу көзделген, – деді Созақбай Исаұлы.

Сондай-ақ, басқарма басшысының айтуынша, Заңда мемлекеттік шекараның шекаралық белдеуінде орналасқан ауыл шаруашылығы алқаптары ешкімге берілмейді, тек жергілікті халыққа жайылым, шабындық ретінде ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Бұдан өзге, жергілікті тұрғындардың жеке аула малының саны жыл сайын өсуіне байланысты Заңмен жайылым жетіспеушілігін шешу мақсатында елді мекендер айналасында жайылым алаңдарын айқындайтын норма белгіленіп отыр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x