Арбат Шымкенттің ажарын аша түсті

Dalanews 16 мам. 2018 15:15 220

Шымкент қаласында отбасымен дамалатын алғашқы «Арбат» ел игілігіне берілді. Шымкент қаласының Бекет батыр көшесінен орын тепкен жаңа демалыс аймағының ашылу рәсіміне Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, қала әкімі Нұрлан Сауранбаев пен облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары, қала тұрғындары қатысты.



Шымкент еліміздегі ірі қалалардың бірі екенін айтқан аймақ басшысы дамыған қалалардың барлығында халық демалатын орындардың көптеп орналасуы заңдылық екенін атап өтті. Сонымен қатар қаланы көркейтудің негізгі жұмыстарына тоқталып, атқарылып отырған жұмыстардың барлығы қала жұртшылығының игілігі үшін жасалып жатқанын айтты.

– Бүгін Халықаралық отбасы күні. Осындай күні отбасылық демалыс орны - Шымкенттің алғашқы Арбатын халықтың игілігіне беріп отырмыз. 1 шақырымға дейін созылған Арбат құрылысын екі айдың ішінде аяқтаған қала әкімдігінің жауапты басшыларына алғысымды білдіремін. Енді бұл жер қаламыздың ең тартымды демалыс орны болады деп ойлаймын. Мұндай игі қадам қала тұрғындарының және жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруда әсері мол екенін айрықша атап өткім келеді. Мұндай демалыс орны алдағы уақытта қаладағы А.Асқаров пен Бейбітшілік көшесін де орын теппек. Жыл соңына дейін жаңарып, жанданатын ол нысандарды да бірге тамашалайтын боламыз, – деді Ж.Түймебаев.



Шымкенттік Арбаттың ұзындығы бір шақырым шамасында. Бұл жерге жаңа шамдар ілініп, орындықтар қойылды, ландшафт дизайны көз тартады. Қаланың жасыл желегіне жаңа рең қосқан арбат әдемі гүлдермен көмкеріліп, жарық шашатын шамдармен безендірілген. Ыңғайлы демалыс аймағында сонымен бірге велосипед жолағы да қарастырылған. Мұндағы 3600 шаршы метр аумақ көгалдандырылып, 2000 шаршы метр жерді аяқ жолдар алып жатыр. Бұдан бөлек, ол жерге 700-ге жуық жөке, талшын, аққайың сынды ағаш түрлері мен 1000 түп раушан гүлі егілді. Түнгі арбатты жарық етуге 76 көше шамдары мен 45 кіші торшерлер қойылды.

Қазіргі таңда мамандар арбаттың ерекше келбетін аша түсетін арканы құру жұмысын аяқтауда.  Жуық арада Бекет батыр көшесінің бұл бөлігі нағыз шығармашылық адамдарының орталығына айналмақ. Себебі бұл аумаққа Суретшілер үйін салу жоспарлануда.

Осы күні облыс әкімі Ж.Түймебаев облыстық және қалалық мәслихаттың депутатттарына «Ескі қаланы жаңғырту» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Онда әкім «Қошқар-ата» өзені жағалауының енінен 10 метр, ұзындығы 1200 метр жер халық қыдырыстайтын демалыс орнына айналатынын атап өтті.



Бүгінде аталған жоба аясында Ордабасы алаңынан Өзбек көшесіне дейінгі өзен бойымен жүріп өтетін 300 метрден астам аяқ жол көгалдандырылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар халық қалаулыларына Қошқар ата өзенінің жағалауында бой көтеретін «Қошқар ата» тұрғын үй кешенінің макеті таныстырылды. Жаңадан салынатын тұрғын үй кешенінің құрылысы үш кезеңнен жүргізіледі. Жоба толығымен жүзеге асса, 208 мың шаршы метрді құрайтын, 3976 пәтерлі 61 көп қабатты тұрғын үй ел игілігіне тапсырылатын болады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

https://dalanews.kz/35822

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x