Төле би ауданы 250 мың тонна сүт өнімін өндіретін жоба іске қосылмақ

Dalanews 20 сәу. 2018 14:19 255

Төле би ауданында ағымдағы жылы “Болашақ нұры” ЖШС сүт өнімдерін өңдеу цехы іске қосылады. Тартылатын инвестиция көлемі 52 млн. теңгені құрайтын цех жылына 250 мың тонна сүт өнімдерін өндіретін болады. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Төле би ауданының әкімі Бұхарбай Парманов мәлім етті.



Сондай-ақ, биыл ауданда жалпы құны 3 776 млн. теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асады. Олардың қатарында “Ақсу қуат” ЖШС баламалы электроқуатын өндіру станциясы бар. Жеке қаржы есебінен тартылатын инвестиция көлемі 1 500 млн. теңге.

– Ағымдағы жылы іске қосылатын жобалардың қатарында ЖК «Әли» мал бордақылау алаңын айтуға болады. Тартылатын инвестиция көлемі 130 млн. теңге. Цех жылына 5 мың тонна ет өнімдерін өндіреді деп күтілуде. Сонымен қатар, “Балмұздақ” ЖШС шоколадты глазурь және шоколад өндейтін цехы іске қосылып, жылына 1100 тонна шоколад өнімдері өндірілмек, – деді Бұхарбай Рысқұлұлы.



Аудан басшысының айтуынша, құс шаруашылығын дамытуда ауданда «Ленгер құс» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативін құрылған. Бүгінгі таңға кооперативтің 2 мүшесі “Қайнар құс” ЖШС мен 10 мың құс әкелуге келісім шартқа тұрған. Сондай-ақ, «Шымкент құс» ЖШС құс етін өндіру және өндеу комплексі іске қосылады. Ондағы тартылатын инвестиция көлемі 894 млн. теңге. Комплекс жылына 2000 тонна тауық еті өндіреді деп жоспарлануда.

2018 жылы ауданда “Газпромнефть-Битум Казахстан” ЖШС битум зауыты модернизациялаудан өтеді. Тартылатын инвестиция көлемі 400 млн. теңге. Модернизациялау арқылы зауыттың жылдық өнім көлемі 300 мың тоннаға дейін артатын болады.



– Аудандағы жалпы ауыл шаруашылық саласының өнім көлемі өткен жылы 32 млрд. 256 млн. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 100,9 пайызды құрады. Ауыл шаруашылық кооперативтері бойынша 20 кооператив құрылды. 2020 жылға қарай қарқынды алма бауының көлемін 124 гектарға дейін ұлғайту межеленіп отыр. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін ағын сумен толық қамту үшін «Қарақуыс» және «Ақбастау» су тоғандарын іске қосу көзделуде, – деді Бұхарбай Парманов.

Айта кетерлігі, аймақтағы жалпы өңірлік өнім көлемі өткен жылы 88 млрд 467,4 мың теңгені құраса, өнеркәсіп саласында 25 млрд. 219 млн.  теңгенің өнімі өндірілген.

Төле би ауданында туризм саласында 45 нысан жұмыс істеуде. Аталған саладан өткен жылы 6,6 млн. теңге салық түсіп, келуші туристер саны 45 мыңға жуықтаған. Алдағы уақытта демалыс орындарының қызмет көрсету сапасы жоғарылай түсетін болады.

Аудан басшысының айтуынша,жалпы кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 7232, ал кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтіндер саны – 15483 адамға жетті. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес саласында 33 млрд. 279 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, 532 млн. теңге көлемінде бюджетке салық түскен.



«Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 815 млн. теңгені құрайтын 9 жоба мақұлданып, жаңадан 103 жұмыс орны ашылған.

– Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасымен қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 18 мамандық бойынша 504 азамат оқуға жолданып, оның 124-і тұрақты жұмысқа орналасты. Бағдарламаның екінші бағыты аясында 97 азамат жалпы сомасы 206,1 млн теңге көлемінде шағын несие алған. Нәтижесінде 120-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бағдарламаның үшінші бағыты шеңберінде тұрақты жұмысқа жалпы 1800-ден астам адам орналасты, – деді Бұхарбай Рысқұлұлы.

Бұдан бөлек, «Өрлеу» жобасымен 586 отбасы  қамтылып, жалпы 275501 мың теңге қаржы тағайындалды. Инфрақұрылым бойынша өңірдегі мәселер шешімін тауып келеді.

«Ауданды көгілдір отынмен қамту деңгейі қазіргі таңда 82 пайызды құрайды. 2020 жылға қарай 100 пайызға жеткізу межеленген. Бүгінде елді мекендерді ауыз сумен қамту көрсеткіші 92,7 пайыз, ағымдағы жылы толығымен ауданды таза ауыз сумен қамту жоспарлануда. Өткен жылы 60,1 шақырымды құрайтын 31 автокөлік жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді», - деді  Бұхарбай Парманов.

Тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша Ленгер қаласында былтыр 480 отбасы қолжетімді тұрғын үйге қол жеткізген. Сондай-ақ, 40 және 20 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x