Шығыстағы «нұротандықтар» Аягөзге қайырымдылық көмегін жөнелтті

Dalanews 01 сәу. 2018 08:38 291

Аягөздің жағдайы айтпаса да түсінікті. Мұқағали жырлаған «аядай бұлақтың» аяқ астынан тулап, арнасынан асып кетуі ағайын-жұртты әбігерге салып-ақ жатыр. Елдің береке-бірлігі осындайда көріне ме деймін. Қарапайым халық та, қалталы кәсіпкер де, мемлекеттік қызметші де қолдан келгенін аянып қалып жатқан жоқ. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйытқы болуымен бұдан бірнеше күн бұрын Өскеменде гуманитарлық бекеттер ашылған-тын. Ол жерге азық-түлік пен өзге де керекті заттар толассыз келіп түсуде.



– Біз облысымыздағы бірқатар мекемеге үндеу тастағанбыз. Қол ұшын созудан ешқайсысы бас тартпады. Гуманитарлық бекеттерге келіп түскен заттарды мына тұрған «КамАЗ» көлігіне артып қойдық. Жолға шыққалы тұр. Қиындық шегіп жатқан ағайынға бұл аз да болса септігін тигізеді деп сенеміз. Мұнда 10 тонна азық-түлік пен 15 тонна құрылыс материалдары және киім-кешек бар, – деді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов.

Әнуарбек Мұхтархановтың айтуынша, көмек көрсетудің бас-аяғы бұл емес, осы уақытқа дейін де аягөздіктерге ұн, картоп, май, макарон өнімдері және басқа да қажетті дүниелер жіберілген екен.

– Аягөздегі жағдайға шынайы алаңдап, көмегін аямаған азаматтар мен мекемелерге алғыс айтудың реті келген секілді. Облыстық және қалалық мәслихат депутаттары: Лұқбек Тұмашинов, Ержан Нұрбаев, Әлия Досыбаева, Сейілжан Сайлаубаевқа, сондай-ақ «Марат М», «Шығысагрохолдинг», «Кседо», «Восток-Молоко» сынды бірнеше серіктестікке мың да бір алғыс, – деді Әнуарбек Мұхтарханов. – Шынын айтсақ, Аягөзден өзге өңірлердің де жағдайы соншалықты мәз емес, соған қарамастан Катонқарағай, Шемонайха, Абай, Глубокое сияқты аудандар мен Семей, Риддер қалалары көмек көрсетіп жатыр.

Осы орайда айта кетейік, «Нұр Отан» партиясының Павлодар, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарындағы филиалдары да Аягөзге көмек керуенін жөнелткелі жатыр екен.

Тасқын БОЛАТҰЛЫ

 

https://dalanews.kz/35221

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x