Даниал Ахметов: «Тасқын кезінде мәслихат депутаттары халық арасында болуы керек»

Dalanews 01 сәу. 2018 05:34 213

Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов Семей қаласының су басқан аумақтарын тікұшақпен әуеден бақылап, тасқынына зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, олардың үй-жайларын аралап көрді.



– Дәл қазір түрлі алыпқашпа әңгімелерге бой алдырмаңыздар. Су тасқынан зардап шеккен үйлердің ешқайсы тексерушілердің назарынан тыс қалмайды. Табиғат апатынан зардап шеккен үйлердің бәрі тексеруден өткеннен кейін күрделі жөндеу жұмыстары үшін тиісті қаржы бөлінетін болады. Үйлері  жөндеуге келмей қалған отбасыларға жаңадан баспана сатып алып береміз. Қазіргі таңда апаттың зардабын бағалайтын комиссия жұмыс істеп жатыр. Су тасқынан өзге де дүние-мүліктеріңіз зардап шексе, оның бірден комиссия мүшелеріне айтыңыздар. Оның бәрі есепке алынуы керек. Алғашқы кезекте үй жылытуға қажетті көмір мен ағаш және азық-түлік пен жылы киімдер берілетін болады. Қаланың төтенше жағдай қызметінің қорында қажетті заттардың бәрі бар. Дүйсенбі күні қосымша 70 млн. теңге бөлетін боламыз, – деді Даниал Ахметов.

Сонымен қатар су тасқына кезінде жергілікті мәслихат депутаттарының да қол қусырып қарап отырмауы керек екенін алға тартты.
«Мәслихат депутаттары су тасқынынан зардап шеккендердің арасында болып, мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілетінін айтып, тұрғындарды сабырға шақыруы керек»,

– деді облыс әкімі.

Қазіргі таңда қалада мемлекеттік органдардың жылжымалды пунктері жұмыс істеп жатыр. Олар халықтың арыз-шағымын қабылдап, көпшілік арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Су басқан аумақтан көшірілген қала тұрғындары қаладағы үш қонақ үйге уақытша орналастырылған.

Алдын ала мәліметтер бойынша Семей қаласында 300 үйді су басқаны мәлім болды. Қазіргі таңда Ертіс өзеніндегі қалың мұзды жару және жағалауды бекіту жұмыстары қатар жүріп жатыр.

– Семей қаласындағы Ертіс өзенінің жағалауын биіктету жұмыстары 20 жыл бұрын қолға алынуы керек еді. Өкініше орай, бұл жұмыстар түрлі қиындықтарға байланысты қолға алынбады. Бізге қаланы судан қорғайтын биік бөген керек. Қазіргі таңда бұл жоба дайындалу үстінде. Алдағы жазда бұл жұмыстардың бәрін аяқтайтын боламыз, – деді Даниал Ахметов.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x