Өскеменде "Бірікке Ұлттар Ұйымы моделі" байқауы өтті

Dalanews 29 нау. 2018 17:05 233

Болашақта дипломатия және сыртқы саясат пен экономика саласында жұмыс істеуді армандайтын Шығыс Қазақстанның студенттері мен мектеп оқушылары ағылшын тіліндегі "Бірікке Ұлттар Ұйымы моделі" аймақаралық байқауына қатысып, өздерінің біліктіліктерін сынады.



Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында адам капиталын дамыту – елімізді өркендетудің бірден-бір жолы екенін атап өткен болатын. Осы ретте жастардың шет тілін меңгеріп, саяси біліктілік пен мәдени ашықтыққа ұмтылу олардың білімді азамат болып қалыптасуына кеңінен жол аша түсетіні белгілі. Осы тұрғыдан алып қарағанда жастардың бірнеше тіл меңгеруге ұмтылуы болашақта еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсетіні сөзсіз.

Осы ретте Шығыс Қазақстан облысында ұйымдастырылған "БҰҰ моделі" аймақтық байқауы жастарды келешекте үлкен саясатта еліміздің абырой-беделін асқақтатуға қызыға түсті. Байқау барысында әрбір жас өздерін жекелген елдің өкілі ретінде өз елінің мүддесін қорғап, халықаралық мәселелерді оң бағытта шешуге барынша талпынды.

Бастан аяқ ағылшын тілінде өткен байқауда шығысқазақстандық жастардың ағылшын тілін бір кісідей меңгергеніне көзіміз жете түсті.

Байқау барысындағы пікірталастарға ағылшын тілін жетік білетін оқытушылар араласып, жастарға күрделі сұрақтар қойғанда, олар әрбір сұраққа байыппен жауап беріп, өздерін кәнігі саясаткерлердей көрсетті айта кетуіміз керек. Өз кезегінде жастардың тәлімгерлері:

– Біздер бұл байқауды алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Нәтижесі жаман емес. Шараға әлеуметтік белсенді жастардың бәрі қатысуға ықылас танытты. Меніңше, байқау жастардың ойлау қабілетін дамытып, келіссөз жүргізуде мол тәжірибе жинауына мүмкіндік туғызды деп есептеймін. Сондықтан мұндай байқауларды жиі ұйымдастырып тұру керек, – деді КАСУ  президенті Галина Конопьянова.

Шараның соңында байқауға қатысып, белсенділік танытқан жастардың бәріне сертификат тапсырылды. Ал үздік делегаттар бағалы сыйлықтарға ие болды.

https://dalanews.kz/35047

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x