Оңтүстікте орман қоры 3,5 млн. гектарға жуықтады

Dalanews 21 нау. 2018 09:15 352

Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік орман қоры 3 млн. 439 мың 800 гектарды құрады. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасы Бақытжан Қырықбай мәлім етті.

Оның айтуынша, облыстағы орман шаруашылығы мекемелерінде барлығы 13986,4 гектарға орман молайту жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде 10577 гектарында 59 тонна сексеуіл тұқымын себу жұмыстары болса, 3409,4 гектарында көшет егу жұмыстары атқарылыпты.

«Облыстағы аңшылық алқаптардың жалпы аумағы 6 млн. 735 мың 800 гектарды құрайды. «Қансонар» республикалық қауымдастығының мәліметіне сәйкес өткен жылы облыстағы аңшылар саны 8055-ке жеткен. Облыстағы аңшылық аумақтың 6 млн. 563 мың 300 гектары 10 аңшылық пайдаланушыға бекітіліп отыр. Қолданыстағы заңнамалардағы өзгерістерге сәйкес 2017 жылдан бастап парктер аумағында және Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарларды аулауға заңмен тыйым салынған» - деді Бақытжан Есіркепұлы.



Айта кетерлігі, облыстағы балық шаруашылығы су айдындарының саны 15-ке жеткен. Оның екеуі Шардара су қоймасы мен Сырдария өзені, қалғандары жергілікті маңызы бар су айдындары. 2017 жылға жоспарланған шабақтандыру жұмысы 151 пайызға асыра орындалып, су айдындарына 186 мың балық шабақтары жіберілді.

Бұдан бөлек, аумақтық инспекциямен заң бұзушыларға жалпы сомасы 4 млн 188,6 мың теңгенің айыппұлы салынып, жыл соңына дейін 4 млн. 120,5 мың теңгесі өндірілген.  2017 жылы тексерулер мен табиғат қорғау іс-шаралары нәтижесінде барлығы 324 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 253-і балық шаруашылығында, 43-і аңшылық шаруашылығы бойынша, 28-і орман шаруашылығына қатысты болып отыр.



Ал 2018 жылдың алғашқы тоқсанында инспекция мамандарымен 93 әкімшілік құқық бұзушылық оқиғалары анықталған. Оның ішінде аң аулау талабын бұзушылар - 28, орман заңнамасы бойынша - 13, балық аулау талабын бұзушылар - 52. Салынған айыппұл сомасы 1 млн. 39 мың теңге болса, өндірілгені 834 мың теңге көлемінде.



ОҚО әкімнің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x