Оқуы кем басшыларды неге қызметке алады?

Dalanews 14 нау. 2018 06:48 182

 Жастар билік басына келіп жатыр. Аға буын кесе көлденең тұрып жатқан жоқ. Жақсы құбылыс. Солардың ауыз толтырып айтардай іс тындырғанын көрмедік, бірақ.

 Жаңару, жасару бар. Қолмен ұстап, ауызбен айтып жүретіндей іс жоқ. Күні кеше ғана Білім және ғылым вице-министрі Асланбек Әмриннің шетелде білім алуға ықыласы "оянып", ойламаған жерден қызметінен кетті.

Ненің белгісі?


Шетелде оқып, Ұлттық технологиялық даму жөніндегі агенттікте жұмыс істеп, ғылымды дамыту, нақтырақ айтсақ ғылымды коммерциялауды мойнына алған Асланбек Әмрин нендей іс тындырды деген сұрақты тікесінен қойсақ, тас жарып, тау қопармағаны ойға оралып, абдырап қаласыз.

Картинки по запросу асланбек амрин
Оның тұсында қазақ ғылымының дамып кеткенін көрмедік. Сол секілді ғалымдардың ғылыми-техникалық жобалары коммерцияланып, өндіріске енгенін де естімедік.

Бізде лауазымды тұлға он жерден білімді болса да саяси тұлға болмаса түк те тындыра алмайтыны айдан анық.

Бізде министрлер отставкаға кетерде вице-министрлер қызметінен қош айтысатын әдет қалыптасып келеді.

Вице-министр Асланбек Әмриннің қызметінен кетуі Сағадиевтың отставкасы таяп қалғандай әсер қалдырады екен...

 

Бұл қандай тренд?


Соңғы уақыттары Білім және ғылым министрлігінде вице-министрлердің шетелге оқуға аттануына байланысты қызметінен кететін жаңа тренд пайда болды.

Картинки по запросу Эльмира Суханбердиева

Өткен жылы Білім және ғылым министрлігінде орта білім беру саласына басшылық жасаған Эльмира Суханбердиева есімді вице-министр аяқ астынан шетелде оқуға аңсары ауып, АҚШ-қа аттанған.

"Болашақ" бағдарламасының түлегі атануы үшін сынақ тапсырған.

Әсіресе қазақ тіліне келгенде шорқақтайтын Эльмира ханым “Қазтест” жүйесіндегі қазақ тілінен сынақ тапсырып, жоғары 135 баллға ие болғанын естігенде тіпті, не дерімізді білмедік.

Суханбердиеваның ізін ала Сағадиевтің тағы бір орынбасары Асланбек Әмрин шетелге аттанып, білімі мен білігін көтермек екен...

 

Әдет пе, әлде...


Байқайсыз ба, қазір тұтас бір саланы басқарған шенділер өзіне тапсырылған жұмысты ақсатып алса, шетелдегі оқуын жалғастыруға асығатын болды.

Талай әкім мен министрлердің орынбасарлары шетелде оқуын жалғастырып жүргенін жақсы білеміз.

Бір қызығы сол қазақ тілінде екі сөздің басын құрап сөйлей алмайтын вице-министрлер мен әкім орынбасарлары «Болашақ» грантының міндетті талабының бірі "Қазтестің" қазақ тілі бойынша сынағынан қалайша сүрінбей өтіп жүр?

Айналдырған бір жылдың ішінде Білім және ғылым министрінің қос бірдей орынбасары білімін жетілдіру үшін сырт елге аттануын қалай түсінуге болады?
Одан бұрын Сағадиев білімі толық емес мамандарды неге жинап алған? Бұл да заңды сұрақ.

Сағадиев орынбасарларының қызметінен кетуінің басқа себебі бар ма әлде? Шетелдегі оқуын жалғастыру вице-министрлердің отставкаға кетуінің шынайы себебін бүркемелеу емес пе осы?

Әйтеуір Әмриннің отставкасы көкейдегі күмән-күдікті зорайта түсті.

Сағадиевке жаңа орынбасарын тағайындарда оның біліміне, қазақ тілін жетік білеріне толық көз жеткізіп алуға кеңес береміз. Әйтпесе таяқтың бір ұшы тағы да өзіне тиетіні анық.

Айтпақшы, біздер Асланбек Әмриннің қазақ тілінде сөйлегенін көрген де, естіген де емеспіз.

 

Ғылым дамыды ма?


Асланбек Әмрин Білім және ғылым вице-министрі қызметін атқарған сәтте ғылым саласын дамытуға тікелей жауапты болды. Сонымен қатар әңгіме басында айтқанымыздай ғылымды коммерциялау ісінің де тігізін жатқызуды мойнына алды. Осы ретте ғылыми жобаларды коммерциялау ісіне қатысты аз-кем әңгіме айта кетсек.

Бүгінде Үкімет ғылыми жобаларды қаржыландырып келеді. Бірақ ғылыми жобалардың нәтижесін өндіріске енгізіп, кәдеге жарату жағы кемшін түсіп жатыр. Ғалымдар министрлік бөлген қаржыға жұмыстарын жүргізіп, ғылыми жобалардың нәтижесін қағазға түсіріп, тартпаға салып қояды. Болған, біткені осы.
Ал "Ғылым туралы" заңда еліміздегі ұлттық компаниялардың табысының 1 пайызын ғылыми жобаларды қаржыландыру бағыттау турасындағы талап, тайға таңба басқандай жазылған.

Ғалымдардың ғылыми жобаларының нәтижелерін өндіріске енгізу үшін вице-министр еліміздегі ұлттық компаниялардың басшыларын жинап, оларға қазақ ғаламдарының ғылыми жобаларын өндіріске енгізу турасында батыл талап қоятын, саяси салмағы бар тұлға болуы керек.

Ал қазақ ғылымының сойылын соғып келген Асланбек Әмрин ұлттық компаниялардың басшыларына талап қоймақ түгілі "бәлен" деп әңгіме айтатындай харизмасы болды ма? Әрине болған жоқ.

Сондықтан біздер келесі вице-министрлердің білікті, саяси салмағы бар тұлға болғанын қалаймыз. Әйтпесе қазақ ғылым көлеңкеде, елеусіз күйінде қалып қоя береді.

 

Думан ЕСЕТҰЛЫ 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x