Шығыстың қарттары компьютер үйреніп жатыр

Dalanews 19 ақп. 2018 08:52 180

Шығыс Қазақстанның ардагерлер кеңесі қазыналы қарттарының компьютерлік сауатын көтеруді ұсынды. Бұл жоғары технологиялар ғасырында мобильді болуға жол ашады. Әсіресе, коммуналдық қызмет ақысын үйден шықпай әрі үстемақысыз төлеу сияқты жеңілдіктер «тақияға тар емес».

Шығыс Қазақстан облысында 240 мыңға жуық зейнеткер бар. Бүгінде олардың тек 2-3% компьютер меңгерген және ғаламтор желісін еркін пайдаланады екен. Бұл мәселе аймақ басшысының қоғамдық кеңес алдында есеп беру кезінде тілге тиек етілді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы жастары егде тартса да, қариялардың жаңа технологияларды меңгеруге деген ынтасы зор екенін айтады. Мәселен, тек коммуналдық қызметтер ақысын төлеу үшін әрі-бері қатынау зейнеткерлерге аса қиын. Ал үйден шықпай-ақ, интернет арқылы төлеу істі жеңілдетпек.

– Коммуналдық қызмет ақысын төлеу үшін ардагерлер банкке «жүз рет» барулары тиіс. Әрі абоненттік бөлімшелер әр басқа жерде орналасқан. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан далаға шығуға, әрі әрбір қызмет үшін комиссиялық сыйақы төлеуге мәжбүр. Сондықтан, үйде отырып, компьютер арқылы төлем енгізу ыңғайлы ғана емес, үнемді де болақ, – дейді Айтқазы Шерубаев.

ШҚО әкімі зейнеткерлердің бастамасын бірден қолдады. Цифрлы технологиялар ғасырында бұл бастама қарттарға керемет көмек екенін атап өтті. Елбасы тапсырмасына сай алдағы екі жылда, облыс әкімінің айтуынша, өңірдің барлық ауылдарына жоғары сапалы ғаламтор желісі тартылады.

– Уақыт талабы мобильді болуымызды қалайды. Қазіргі таңда көптеген мәселелерді смартфондар, компьютерлердің көмегімен шешуге болады. Сіз жақсы мәселе көтердіңіз. Сөзсіз ардагерлердің компьютерлік сауатын арттыру, үйрету қажет. Ұсыныс енгізіңіздер, біз қаржыландыру жағын қарастырамыз, – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

 

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x