"Марапатымнан айырмасаңыздар екен". Біләл сотта соңғы сөзін айтты

Dalanews 07 ақп. 2018 04:01 219

Сотта соңғы сөз алған актер Ерлан Біләл қатаң жаза тағайындамауды сұрады. Ол отбасының жалғыз асыраушысы және өзінің денсаулығының нашарлағанын айтты.

Тіпті көзіне жас алып, халықтан, әріптестерінен және туыстарынан кешірім сұрады. Қатесін түсінетінін және кінәсін толықтай мойындайтынын да мәлімдеді.

Сот үкімі бүгін жарияланбақ.  Бұған дейін прокурор күдіктіге 90 млн теңге айыппұл төлетуді сұраған болатын. Сондай-ақ мемлекеттік марапаттарынан айыру үшін Президенттің атына ұсыныс хат дайындауды талап еткен.

Алайда Ерлан Біләлдің өзі оны марапатынан айырмауды сұрап отыр. 

"Жаза ретінде айыппұлды өтеуге әзірмін, алайда еңбекпен келген марапаттарымнан айырмасаңыздар екен. Бұл менің әрі қарай да шығармашылықпен айналысуыма демеу болар еді. Шығармашылық адамға атақ-даңқынан айырылудан ауыры жоқ", – деді Біләл. 
Сонымен бірге Біләл соттан отбасылық және қаржылық жағдайына байланысты айыппұл көлемін азайтуды сұрауда.

"Айыппұл көлемін азайтуды қарастырсаңыз екен. Қателестім, қатты өкінемін. Менің қазіргі жағдайыма түсіністікпен қарауды сұраймын. Бәріміз пендеміз. Қателесу қанымызда бар. Қолдауларыңыз ғана қажет, елімнің дамуы жолында әрі қарай да тер төгуге әзірмін", – деді ол. 

Айта кетейік, күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Танымал актер жаңа жылдың алғашқы күндері пара алмақ болды деген айыппен істі болған еді.

Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро қызметкерлері оны театрдың көрермен залын жалға беру үшін заңды тұлғалардың бірінен 1,5 млн теңге көлемінде пара талап етті деген күдікпен құрықтады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x