Оңтүстік Иранға 6 мың бас қой етін экспорттады

Dalanews 21 желт. 2017 16:02 239

Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Қайып ата» ЖШС-гі Иран Ислам мемлекетіне биыл 6 мың бас қой етін экспорттады. Серіктестік жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 10 мың басқа дейін жеткізбек. Бұл көрсеткішке өткен жылы ақпан айында облыс әкімі Ж.Түймебаев пен Иран Ислам Республикасы ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Мирлоги Сейедалиакбар Агареза арасындағы екі жақты келіссөздердің нәтижесінде қол жеткізіліп отыр.

Жалпы, Иран Ислам мемлекеті жылына 2 млн. 400 мың тоннаға жуық қой етін тұтынады. Бұл Қазақстан үшін ет эскпортын арттыруға зор мүмкіндік. Осыны тиімді пайдаланып отырған «Қайып ата» ЖШС-гі бүгінде ет экспорттау ісін мықтап қолға алған. Қала іргесінде орналасқан серіктестіктің мал сою бекетінде тәулігіне 1000 басқа жуық ұсақ мал сойылып, арнайы қаптамалармаларға салынады. Халықаралық талаптарға сай етіп салынған кешенде мал союға барлық жағдай жасалған. Кешенде мал сою орындары, қоймалар мен арнайы тоңазытқыштар орнатылған. Бұл жұмыстың өнімділігі мен сапасының артуына ықпал етеді.

«Қайып ата» ЖШС-нің мал бордақылау кешені Қазығұрт ауданындағы Жаңабазар ауылында орналасқан. Кешенде бүгінде 5 мыңға жуық ірі қара бордақылануда. Сондай-ақ серіктестіктің еншісінде 20 мың бас ұсақ малға арналған қора бар. Кешенде өсірілетін төрт түліктің еті экологиялық жағынан таза әрі сапалы болғандықтан сұраныс өте жоғары. Сондықтан серіктестік ет өндіріп қана қоймай, оны шет елдерге экспорттау жұмысын да қолға алған. Мәселен жыл басынан бері «Қайып ата» Иранға 6 мың бас қой етін, Өзбекстанға 300 бас ірі қара мен 32 жылқы экспорттады.

Одан бөлек, ел нарығына 393 тонна сиыр еті мен 2 тоннаға жуық қой етін саудалаған. Нәтижесінде мемлекет тарапынан биылдың өзінде 127,2 млн. теңге субсидияға қол жеткізіпті. «Табыстың кілті-бірігуде» екендігін түсінген серіктестік жыл басында «Ханшайым» кооперативін құрған болатын. Бүгінде кооператив құрамына 50-ден астам шаруа біріккен. Олардың барлығы мал бордақылаумен шұғылданады. Алдағы уақытта кооператив меншігіндегі малдың санын 2000 бас ірі қараға жеткізіп, жылына 400 тонна ет өндіру жоспарлануда. Бұл өңірдегі ет экспортының дамуына ерекше серпін бермек.

Елбасы алға қойған міндеттердің бірі экспорттың әлеуетін арттыру, соның ішінде ет экспорттын дамыту болатын. Оңтүстікте бұл бағытта нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Мәселен, ағымдағы жылдың 10 айында Оңтүстік Қазақстан облысынан алыс-жақын шет елдерге 218 тонна ірі қара, 110,8 тонна қой мен 2485 тонна құс еті экспортталған.  Сонымен қатар, биыл ТМД мен Еуропа елдеріне 4819 тонна балық еті жөнелтілген. Бұл жетістіктің барлығы мемлекеттік қолдаулар мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған бағдарламалардың тиімділігінің арқасы.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x