Индустрияландыру картасы: Ақмола өңірінде 12 мың адам тұрақты жұмысқа орналасады

Dalanews 23 қар. 2017 05:52 502

ИИДМБ (индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы) Ақмола өңірін де кеңінен қамтып отыр.

Айталық, Индустрияландыру картасы аясында алдағы уақытта өңірде 12 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Бұл мақсатқа 782 млрд. теңге бөлінбек. Барлығы 90-ға жуық жоба іске қосылмақшы.

Бастысы, бүгінде бұл меже 70 пайызға орындалған. Көптеген кәсіпорындар іске қосылып, жергілікті халық жұмыспен қамтылған.

Сондай жобалардың бірі өңірдегі Цемент зауыты. Соңғы 10 жыл бойына әне ашылады, міне ашылады деп күткен жоба ақыры іске қосылған. Зауыт өңірдегі ең ірі өндіріс орындарының бірі саналады.

Қазіргі күні өндіріс орны 600 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал зауыт басшылығының айтуынша, кәсіпорын жылына 2 млн тонна цемент шығаруға қауқарлы. Және бұл межені қазірден орындауға кірісіп кеткен.

Іске қосылған екі айдың ішінде зауыт 50 мың тонна өнім өндірген екен.

Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған жобалардың бірі – Бұланды ауданындағы құс фабрикасы. Қазір мұнда 1 мың адам еңбек етеді. Жылына 50 мың тонна тауық еті өнімдерін шығаратын өндіріс ошағы осы саладағы еліміздің ең ірі нысан атануды жоспарлап отыр. Құс фабрикасының нысандары Макинка қаласының маңайынан салынып жатыр.

Фабрика директоры Алексей Шевченконың айтуынша, жобаның құны – 160 млн доллар. «Алып кешеннің құрамында инкубатордан бастап құс өсіретін нысандар, жем дайындайтын және қалдықсыз ет өңдеу цехтары мен сою алаңдары болады. Фабриканың алғашқы кезеңі келесі жылдың күзінде іске қосылады. Ал қалғандарының құрылысы 2019 жылы бітеді», – дейді ол.

Степногорск қаласының маңындағы «Қазақалтын» кәсіпорнына тиесілі 3 бірдей кен өңдеу фабрикасы да аймақтың іргелі өндіріс нысандарына айналғалы тұр. Жылына бас-аяғы 7 млн тонна кенді өңдей алатын өндіріс ошақтары іске қосылса, 700-ден астам адам жұмыспен қамтылатын болады.

Ақсу кентінің жанындағы осындай фабрикалардың бірінің қазір құрылысы аяқталуға жақын. Жоспар бойынша Елбасының қатысуымен өтетін телекөпір барысында салтанатты түрде ашылмақ.

Кәсіпорын басшыларының айтуынша, фабриканың ерекшелігі сол – ол «Қазақалтынның» қалдықтарын кәдеге жаратады. Яғни содан доре құймасын алады.

Ал бұрын қандай еді? Бұрын технология жоқ-тын. Соның салдарынан кен толықтай өңделмейтін. Ал жаңа қондырғылар бұған кеңінен мүмкіндік береді.

Тағы бір жақсы жаңалық. Ақмола өңірінде 2016 жылдан бері кәдімгі лифттер мен эскалаторлар да шығарылып жатыр. Бұларды құрастыратын зауыт Астананың дәл жанындағы Қосшы ауылында орналасқан. Бұл нысан да – ірі кәсіпорындардың өкшесін басып келе жатқан іргелі өндіріс ошағы. Жылына 1 мың дана лифт шығаратын мүмкіндігі екен.

Тақырыпқа тұздық:

Ақмола облысына өткен 9 айда 175 млрд теңге инвестиция тартылған. Салыстыра алғанда бұл көрсеткіш былтырғы жылға қарағанда 4,7 пайызға артық екен.

2017 аймақ диқандары 5,1 млн тонна астық жинаған. Жоғары сапалы астықтың төрттен бір пайызы экспортқа жөнелтіледі.

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалинның атап өткеніндей, соңғы жылдары өңірде өндірісті дамыту,  ауылшаруашылығында ғылымды пайдалану, кооперативтер құру, елді-мекендерді жандандыруға бағытталған жобалар  кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.     «Иә, дәл солай. Ақмола аграрлы өңір, білесіздер. Бірақ  диверсификацияның нәтижесінде индустриалды-аграрлық өңірге айналып келе жатырмын. Жалпы айтқанда өнеркәсіп саласында өндірілген жалпы өнім көлемі 25 пайызға, ал ауылшаруашылығыда 15 пайызға жетті. Индустрияландыру бағдарламасының аясында алтын өндіру 4 есеге ұлғайып, республикалық көрсеткіштің 34 пайызын құрап отыр. Облыста ТМД елдер ішіндегі жалғыз темір жолға қажетті қосалқы бөлшектер шығаратын өндіріс орны жұмыс істейді. Мұнда ішкі нарықтан бөлек өнімнің 80 пайызы Ресейге экспортталады», – деді өз сөзінде өңір басшысы.

Облыс басқа да көрсеткіштер бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізген. Бұған дәлел азық-түлік өндірісі 17 пайызға өскен.

Айта кетсек, бұдан бұрын Елбасы «Астана қаласының азық-түлік белдеуін одан әрі дамыту» тапсырма берген болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x