Елбасы Дін істері министрін қабылдады

Dalanews 10 қар. 2017 03:59 229

Қазақстан Президенті Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Министр Ермекбаев Президентке діни қызмет саласындағы жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады.

Кездесуде Елбасыға азаматтық қоғамдағы қазіргі жағдай мен дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет ұсынылды.

Президент министрліктің жаһандық және өңірлік бүгінгі сын-қатерлер аясында атқарып отырған жұмыстарының өзектілігін ерекше атап өтті.

– Министрлік құрылғалы біршама уақыт өтті. Қазіргі жағдайда министрліктеріңіздің жұмысы еліміз үшін аса маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Қазақстан Президентіне діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізу, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру, сондай-ақ волонтерлермен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады.

Елбасы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жаңа министрлік құрылғалы біршама уақыт өтті. Қазіргі жағдайда министрліктеріңіздің жұмысы еліміз үшін аса маңызды, істеп жатқан шаралар үшін, саяси бақылау үшін және ішкі жағдайды тұрақтандыру үшін, халыққа түсіндіру үшін. Біздің жүргізіп жатқан саясат – барлық дінге бірдей қарау. Сол жайында қандай жұмыстар жасалып жатқанын баяндауға шақырдым.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі:

– Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің жарлығыңызбен министрлік 1 жыл жұмыс істеді. Үш басты бағыт бекітілді. Олар: дін саласы, азаматтық қоғаммен өзара әрекеттесу, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру, сондай-ақ волонтерлермен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылды үйлестіру. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2 жобаны жүзеге асыру және қайырымдылық қызметін үйлестіру. Жалпы айтқанда, қоғамымызда осы 3 бағыттағы мемлекеттік саясатты халықтың қолдау деңгейі жоғары. Яғни, дін саласында 87% мемлекеттің саясатын қолдайды. Азаматтық қоғаммен өзара әрекеттесу саласында – 60%-ы, ал жастар саясатында 75%-ы мемлекеттің саясатын қолдап отыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x