Жүз балабақша салуға жететін қаржы жемқорлардың жемсауында кетіпті

Dalanews 08 желт. 2017 07:49 209

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлардың мал-мүлкін әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға таратып беру мәселесін қарастырып жатыр, – деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ұлттық бюроның жетекшісі Талғат Татубаевтың айтуынша, бүгінде аталған орган ұрланған ақшаны анықтап қана қоймай, тәркіленген мүлік пен ақшаның айналымын да бақылап келеді.

– Мемлекет меншігіне аударылатын мүлік те бар. Қазіргі кезде біз тағы бір бастаманы көтеріп жатырмыз. Ондай активтерді әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға – балалар үйлері мен көпбалалы отбасыларға таратып беру мәселесі пысықталып жатыр, – деді Татубаев Астанадағы xалықаралық конференцияда.

Бюро басшысының айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы орган құрылғалы бері 8 мыңнан астам жемқорлық әрекеттері әшкериленді. Осы жұмыстың аясында шамамен 3 мың адам қылмыстық жазаға тартылды. Мемлекетке келген шығын 60 млрд теңгеден асты.

– Ол ақшаның жартысы қайтарылды. Осы қаржыға 19 мектеп, 100 балабақша немесе 18 ауруxананы салуға болатын еді, – деп атап көрсетті Талғат Татубаев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x