Оралда «SMS BUS» жүйесі іске қосылады

Dalanews 07 қар. 2017 11:03 202

Орал қаласында 2017 жылдың 8 қарашасынан бастап SMSBUS – жолақы төлеудің электронды жүйесі іске қосылмақ. Бұл туралы бүгін БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Орал қалалық әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қ.Мухамбеткалиев және «SMSBUS» компаниясының өкілі С.Идиятов мәлім етті.

«SMSBUS» жүйесінің ең басты ерекшелігі – қала бюджетіне, жолаушыларға және автобус парктеріне ешқандай салмақ салмайды (мысалы, автокөлікке арнайы құрал орнатудың, жолаушылар үшін төлем карталарын сатып алып, оған тұрақты түрде қаржы салып отырудың қажеті жоқ), төлем құралы ретінде әр азаматтың қолындағы дербес ұялы телефоны ғана қолданылады.

Бөлім басшысы Қ.Мухамбеткалиев атап өткеніндей, «SMSBUS» жүйесі «дәстүрлі» қолма-қол төлем жүйесіне балама ғана, яғни жолаушы жолақысын қолма-қол да, ұялы телефоны арқылы да немесе банк карточкасы арқылы да төлей алады.

«SMSBUS» компаниясының өкілі С.Идиятовтың айтуынша, банк картасы арқылы төлем жасау үшін жолаушы SMSBUS.KZ сайтына кіріп, банктік картасын тіркеуі тиіс. (VISA и Master Card, кез келген банкте комиссиясыз).

Ендігі арада әрбір қоғамдық көлікке SMS арқылы төлем жасауды түсіндіретін жазбаша ақпарат парағы жапсырылатын болады. Жолақыны төлеу үшін жолаушы көліктің кодын (сандар) көрсете отырып, 2505 қысқа нөміріне (нөмір Қазақстанға ортақ, sms жолдау - тегін) SMS  жолдайды.

Электронды төлем қабылданғаннан кейін жолаушыға төлем жасалғандығын айғақтайтын, SMS хабарлама түріндегі «сауда чегі» (электронды билет) беріледі.

 

Нускалуык

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x