Алтынай Жорабаева "Бірінші тойымда ақ көйлек киген жоқпын"

Dalanews 29 қаз. 2017 10:47 188

Ажырасқанына екі жылдан асып кеткен Алтынай Жорабаева жақсы жар жолықса, тұрмысқа шығуға қарсы емес екенін 31 арнаның «Айта берсін» бағдарламасына берген сұхбатында айтты. Әншінің айтуынша, екінші мәрте тұрмысқа шығуын оның қыздары мен ата-анасы да қолдап отыр. Сәбитпен үйленгенде ақ көйлек кимедім деген әртіс ендігі тойында қыздарымен ақылдасатынын жеткізді.

– Алдын-ала тон пішпей-ақ қояйын. Енді оны уақыт көрсетеді. «Бақыт –  тыныштықты жақсы көреді» дейді. Менің ұстанымым солай, тыныш қана бала-шағам, болашақ жарым кездесіп жатса сонымен бақытты болу. Тұрмысқа шығып жатсақ жариялап айтамыз ғой. Ол міндетті түрде ақ көйлек киіп, үлкен той жасап дегендей емес. Мен бірінші тойымда да ақ көйлек киген жоқпын. Ондай үлкен той болған жоқ, тек қазақша құдалық болды. Мен ол кезде «неге той болмады?» деп сұраған да жоқпын. Ақ көйлек кию жағын төрт қызыммен ақылдасамын. Олар не айтады, сол болады, – дейді әнші.

Әншінің әкесі қызына екінші рет тұрмысқа шығу туралы кеңес беріп, елдің өсегіне қалмауды айтқан. Ал қыздары болса өз кезегінде аналарының бақытты жүзін көргенге қуанбасақ, қызғанбаймыз деп ашып айтыпты.

– Үйде ашуланып, күйзеліске түскен кезде қыздарым айтады ғой.  Бір күн ақылдасып, сөйлесіп отырып: «Егер маған болашақ адам кездесіп, сонымен отбасы құрамыз деп жатсақ қалай қарайсыңдар?» дегенімде, екі үлкен қызым: «Онда тұрған ештеңе жоқ. Сіз әлі жассыз ғой, сіздің бақытты болып жүргеніңіз бізге де жақсы. Егер сізді біреу алақанына салып, мәпелеп жатса неге қуанбасқа?! Біз қызғанбаймыз, керісінше қуанамыз», – деп айтты.

Әкем айтады: «Жақсы жар кездессе, тұрмысқа шығып ал. Әйтпесе, өсек болып кетесің деп. Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан деген.  Жалғыздық – құдайға ғана жарасқан дейді. Сол себепті кез-келген әйел болсын, ер азамат болсын бақытты болуға лайықты деп ойлаймын!»,- деп ағынан жарылды әнші.

Еске салсақ, 2016 жылы Алтынай Жорабаева белгілі актер Сәбит Әбдіхалықовпен ажырасып кеткен. Жұбайлардың бүгінде төрт қызы бар.

 

Дереккөз: nur.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x