ШҚО кәсіпкерлері өңір жастарының кемел білім алуына қолдау көрсетті

Dalanews 22 қаз. 2017 16:55 168

Жақында Өскемен қаласында «Туған жер» атты кәсіпкерлер форумы болып өтті. Облыста жүзеге асып жатқан «Туған жер» бағдарламасына ірі өндіріс орындары, шағын және орта бизнес өкілдері өңірдегі білім, денсаулық сақтау салаларының дамуына барынша қолдау білдіріп келе жатқаны белгілі. Осы жолы да облыс үшін маңызды шараға ірі кәсіпорындардың басшылары, меценаттар, танымал мәдениет, спорт қайраткерлері, мектеп директорлары, ата-аналар қатысып, форумның маңызын арттыра түсті. Шара барысында «Туған жер» бағдарламасы аясында қолға алынған «Менің мектебім» арнайы жобасы жиналған қауымның қызығушылығын оятқанын айта кетуіміз керек.

Қазірдің өзінде «Туған жер» бағдарламасы бағдарлама аясында Шығыс Қазақстан облысында жалпы құны 21,5 млрд теңгеге 1 360 әлеуметтік жоба іске асуда. Соның ішінде атап өтсек, Өскеменде жаңа оңалту орталығы салынып, «Нұрлы жол» саябағы ашылды. Сондай-ақ, Зырян, Риддер қалаларында спорт мекемелері бой көтерсе, аймақтағы бірқатар денсаулық сақтау нысандары заманауи құралдармен жабдықталды.

Шағын және орта бизнес өкілдері де шетте қалмады. Биылғы жылдың өзінде олардың демеушілігімен 5,2 млрд теңгеге 929 әлеуметтік жоба іске асу үстінде.

– Шағын ғана кәсіпті дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер қазірде ірі кәсіпорындармен тең дәрежеде қолдау көрсетіп келеді. Әсірсе аудан кәсіпкерлері қаражатының көлеміне қарамастан, балабақша құрылысына қолдау білдіріп келеді, – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Айта кетсек, «Туған жер» бағдарламасы аясында 2147,7 млн,теңгеге абаттандыру бойынша 289 жоба іске асуда. Соның ішінде 150,5 млн теңгеге 63 жоба іске асып, тапсырылған

Тағыда айта түссек, «Менің мектебім» арнайы жобасы аясында шараға жиналған кәсіпкерлер Шығыс Қазақстан облысы аумағында білім ошақтарындағы химия, физика, биология және робототехника кабинеттерін жарақтандыруға өз үлестерін қосуға дайын екендерін білдірді. Осы ретте «Менің мектебім» жобасы шеңберінде кәсіпкерлер арасында аукцион өтіп, оған форумға жиналған қолы ашық мәрт кәсіпкерлер белсене қатысты.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еліміздегі жастар заман талабына сай білім алып жатқаны мені қатты қуантады. Кез келген кәсіпкер өзінің туған жеріндегі білім ошағын дамытуға қолдан келгенше көмек көрсетуі керек. Кәсіпкерлердің мұндай қамқорлығы шағын ауылдарда жақсы аура туғызып, жастарды қанаттандыра түсетіні анық. Бүгінде халық тарапынан үлкен қолдауға ие болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзегінде осындай адами құндылықтарды қастерлеу жатқанан байқауға болады, – деп «Тас кредит» компаниясының жетекшісі Дулат Тастекеев көкейдегі ойын ортаға салды. Әріптестерінің тартымды ойын қолдаған шығысқазақстандық кәсіпкерлер алдағы уақытта аймақтық «Парыз» қорына 2 млрд. теңгеден астам қаржы аударуға дайын екендерін алға тартты. Кәсіпкерлердің мұндай жомарттығына куә болған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов:

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасында еліміздегі патриотизмнің өзегенде жатқан ұлттық этникалық кодымызды сақтап қалудың маңызы турасында айтқан еді. Бүгін сол ұлттық бірілігіміздің нығайып, өркен жайғанына куә болып отырмын. Осы ретте «Менің мектебім» шарасына айрықша қолдау білдірген кәсіпкерлерге алғыс айтқым келеді. Қазақстанның бәсекеге қабілетті болып, қарқынды түрде дамуы біздің жастарымыздың білім алуына жұмсаған инвестициямызбен өлшенеді, – деп өңір басшысы кәсіпкерлергі ыстық ықыласын білдірді.

Форум жұмысының соңы Қазақстанның өнер шеберлері қатысқан концерттік бағдарламаға ұласты. Өз кезегінде Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева, «Жігіттер», «Ринго» тобы және «Турецкого» қоры жиналған қауым алдында өнер көрсетіп, әнмен шашу шашты.

Форум барысында сөз алған жезтаңдай әншіміз Роза Қуанышқызы:

– Жыл сайын ел аралап, өнер көрсеткенімде кең байтақ Қазақстанны әрбір өңірі өркендеп, қанат жайып келе жатқанын байқап жүрмін. Бүгін өзімнің жерлестерім «Туған жер» бағдарламасы аясында маңызды шараны қолға алғаны қатты қуантты. Әрбір кәсіпкер өзінің туған жеріне қамқорлық жасаса, еліміз өркендеп гүлдене түсетіні анық. Осы бір маңызды шараға өз үлесімді қосып, жастарымыздың жан-жақты білім алуы үшін 1 млн. теңге қаржылай үлес қосамын, – деп белгілі әнші шараға қолдау білдірді.



 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x